2020 жылы 6,5 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«2020 жылғы қаңтар-мамыр айларында 6,5 мың мүгедектігі бар адам Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысқандар құрамына қосылды. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына – 2 мыңға жуық адам, уақытша жұмысқа (әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы, қоғамдық жұмыстар) 4,5 мың адам орналастырылды», - делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметінде.
«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 29 адам микрокредит алды, оның 24-сі жеке ісін ашты, 106 адам грант алды.
Сонымен қатар, «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңға сәйкес, жергілікті атқарушы органдар еңбек жағдайлары ауыр, зиянды, қауіпті жұмыс орындарын есепке алмағанда, мүмкіндігі шектеулі адам үшін жұмыс орындарына екі-төрт пайыз мөлшерінде квота белгілеу арқылы халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді.
Заң нормаларын жүзеге асыру кезінде Мүгедектерге арналған жұмыс орындарын квоталау қағидалары бекітілді. 2020 жылдың 1-тоқсанының қорытындысы аясында квота бойынша 12 мың адамды жұмысқа орналастыру белгіленген, оның ішінде 3 мың мүгедек жұмысқа орналастырылды (2019 жылы – 4 мың, 2018 жылы – 4,9 мың, 2017 жылы – 2,9 мың).
Биыл республикалық бюджеттен көру, есту қабілеті және тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектер үшін 31 арнайы жұмыс орнын құруға 34,3 млн теңге қарастырылған.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда 695 мың мүгедек тұрады, оның ішінде 424 мыңы еңбекке қабілетті жаста (61%), 112 мың адам жұмыс істейді.