Биыл 6 миллионға жуық қазақстандық коронавирусқа қарсы вакцина қабылдайды. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Алексей Цой айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қазақстанда жеке вакцина әзірлеушілер, сондай-ақ вакцина өндіруге арналған оқшауланған алаң бар - бұл вакцинамен қамтамасыз етуге байланысты тәуекелдерді барынша азайту және республикамыздағы эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруға айтарлықтай әсер етеді. Осылайша, 2021 жылы біз 6 млн астам адамды егуді жоспарлап отырмыз», - деді Алексей Цой.
Сонымен қатар, министр ресейлік «Спутник V» вакцинасы рекордтық мерзімде сатып алынғанын еске салды. Бүгінде ол Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілуде.
«Отандық тауарды жеткізу бекітілген кестеге сәйкес – биыл 24 ақпанда басталды. Сонымен қатар, биыл сәуір айында ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты әзірлеген – отандық «QazCovid-in» вакцинасын қолдану жоспарланған», - деді ол.
Оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі профилактикалық егуге арналған вакцинаны тасымалдалдағанда салқын жерде сақтау мәселелері бойынша стандартты операциялық рәсімдерді әзірледі және бекітті. 2 мыңнан астам медицина қызметкерлері КВИ-ге қарсы вакцинация тактикасы, вакцинацияның қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз ету бойынша оқытылды.