12 қаң, 2022 сағат 13:54

Биыл 500 мың тонналық полипропилен зауыты іске қосылмақ


ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов мұнай-газ химиясы саласындағы импортты алмастыру жобаларының жағдайы туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ағымдағы жылы қуаттылығы жылына 500 мың тонна болатын полипропилен өндіру зауытын пайдалануға беру жоспарланған. Сондай-ақ, қуаты жылына шамамен 1 млн тонна терефталь қышқылы мен полиэтилентерефталат, қуаты жылына 1,25 млн тонна полиэтилен зауытын және қуаты жылына 189 мың тонна бутадиен өндіру жөніндегі жобаларын іске асыруға назар аударылады», - деді ол Үкімет отырысында.

Айтуынша, осы жобаларды іске асыру Қазақстан экономикасына шамамен 10 млрд доллар инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

«Ағымдағы жылы «Теңізшевройл», «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» және «Норт Каспиан Оперейтинг Компани» консорциумдарымен мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығы құрылды.

Осы 3 кәсіпорынның тауарларын өндіруді жергіліктендіру арқылы жұмыс істеп тұрған отандық тауар өндірушілердің мүмкіндіктерін кеңейту көзделген. Бұл кәсіпорындардың жыл сайынғы сатып алу көлемі шамамен 5 трлн теңгені құрайды», -деді Болат Ақшолақов.

Министрді жергілікті қамтуды дамытудың тікелей инвестициялар қоры құрылғанын еске салды. 

«Шеврон» компаниясы Қазақстан алдындағы қайта инвестициялау міндеттемелері шеңберінде жергілікті қамтуды дамытуға 248,5 млн АҚШ долларын бөлуде.

Инвестициялар негізінен технология мен IT, базалық тауарлар өндірісі және мұнай-газ секторына арналған жабдықтардың жекелеген түрлерін құрастыру және қоршаған ортаны қорғау сияқты үш бағытқа салынады. Қор «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңында тіркелген.

Осындай бастамалардың арқасында біз мұнай-газ саласы үшін тауарлар өндіруге бағытталған өз жүйемізді қалыптастыруымыз керек», - деді Энергетика министрі.