25 қар, 2019 сағат 22:17

Биыл 500-ге жуық жамбылдық елдің солтүстігі мен шығысына қоныс аударды

Жыл басынан бері жамбылдық 175 отбасы, барлығы 497 адам Солтүтстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарына қоныс аударған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Кейінгі үш жылға жуық уақытта еліміздің солтүстігі мен шығыс аймақтарына 400-ден астам жамбылдық отбасы қоныс аударған. Бұл «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Бұл ретте азаматтардың тұрмыс ахуалын жақсарту мақсатында аталған бағдарлама шеңберінде «Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру», яғни жұмыс күші тапшы өңірлерді жұмыс күшімен қамтамасыз ету үшін өз еркімен жұмысшы күшіне сұраныс көп аймақтарға қоныс аударуға жәрдемдесу есебінен қарастырылғанын атап өткен жөн.

«Біз бұл бағытты халық арасында кең көлемде түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Ағымдағы жыл басынан бері қараша айына дейін солтүстік өңірлерге 175 отбасы, 497 адам қоныс аударды. Атап айтсақ, Солтүстік Қазақстан өңіріне – 61, Павлодар облысына – 23, Шығыс Қазақстанға – 48, Қостанай жаққа – 43 отбасы көшіп барды. Қоныс аударған отбасыларға толығымен қабылдаушы өңірлік квотасына енгізіліп, барлық мүшелеріне субсидиялар төленді және олар жалдамалы тұрғын үймен қамтылған», - дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Тимуржан Нұрымбетов.

Бүгінге дейін солтүстік пен шығысқа қоныс аударушылардың арасындағы жұмысқа қабілетті 254 азаматтың 151-і тұрақты жұмысқа орналасқан. Сол сияқты көшіп барған отбасылардың ішіндегі 15-29 жас аралығындағы 114 жасқа да қолдау көрсету жолдары қарастырылған десек, мектеп жасындағы және мектеп жасына дейінгі 207 бала балабақша және мектеп орындарымен қамтамасыз етіліпті.

«Аталған аймақтарға көшуге облыстың әсіресе Қордай, Байзақ, Жамбыл аудандары мен Тараз қаласының тұрғындары жиі ниет білдіреді. Олардың басым көпшілігі жер алып, диханшылықпен айналысқысы келетіндер. Көшетін азаматқа 35 айлық есептік көрсеткіш есебінде көшу субсидиясы беріледі. Ол көшетін отбасының әрбір мүшесіне төленеді. Барған жерінде өзі таңдап барған мамандығы бойынша міндетті түрде тұрақты жұмысқа орналастырылады. Ең басты мәселе көшіп барғанда баспана ұсынылады. Ол баспананы жалға алу ақысын да бір жылға дейін мемлекет төлеп береді», - дейді Т.Нұрымбетов.