03 нау, 2021 сағат 14:57

Биыл 211 медициналық нысанның құрылысы жоспарланған - Ажар Ғиният

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният Қазақстанда салынатын медициналық нысандар туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Денсаулық сақтау министрлігі жүйелі түрде халықтың денсаулық көрсеткішін жақсару үшін тиісті шараларды қабылдап жатыр. 

Біріншіден, халыққа медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) ерекше рөл атқарады, қазіргі таңда оны 7 мыңнан астам МСАК ұйымы көрсетіп келеді (оның ішінде 2 991 медициналық пункт, 836 фельдшерлік-акушерлік пункт, 1 379 дәрігерлік амбулатория және 2 182 емхана). 

МСАК ұйымдарында шамамен 10 мың дәрігер және 28 мың орта медициналық қызметкер, оның ішінде 47 пайызы ауылдық жерде жұмыс істейді», - вице-министр Орталық коммуникациялар қызметінде. 

Оның айтуынша қабылданған шараларға қарамастан, шешілуі қажет мәселелер бар. 

«Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі биылдың 25 ақпанында халықтың қалың тобына, оның ішінде ауылдық жерлерде тұратындарға барынша ұтқырлық пен қолжетімділік жағына 2021 - 2025 жылдарға арналған медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетуді жақсарту жөніндегі шаралар жоспарын бекітті», - деді Ажар Ғиният. 

Оның сөзіне қарағанда, бағдарлама аясында 5 жылда 487-ден астам жаңа МСАК объектілері салынады және осы 2021 жылы 211 нысанның құрылысы жоспарлануда, оның ішінде 83 медициналық пункт, 70 фельдшерлік-акушерлік пункт, 57 дәрігерлік амбулатория және 1 емхана қамтылады.