Биыл 17 мың жұмыскердің еңбек құқығы қорғалды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2020 жылғы қаңтар-мамыр айларында мемлекеттік еңбек инспекторлары 2 мыңнан астам еңбек құқығының бұзушылығын жойды. 17 мың жұмыскердің жалпы сомасы 1,7 млрд теңгеден астам жалақы берешегі өтелді», – деді Біржан Нұрымбетов Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн режимде өткен халыққа есеп беру кездесуі барысында.
Сондай-ақ ол шетелдік жұмыс күшін тартатын 95 кәсіпорынға тексеру жүргізіліп, 1 мыңнан астам түрлі заң бұзушылықтар жойылғанын айтты.
«Тағы бір маңызды мәселе - еңбекті қорғау мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Қазақстанда 2019-2023 жылдарға арналған еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындары мен өндірістік жарақаттануды төмендету жөніндегі жол картасы іске асырылуда. 14,7 мың өндірістік кеңес құрылды және еңбекті қорғау бойынша 2,3 мың стандарт енгізілді. Жұмыскерлердің қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету шараларына 116 млрд теңге жұмсалды. Соңғы 4 жылда қабылданған шаралардың нәтижесінде өндірістік жарақаттанудың төмендеуінің оң серпіні байқалады. Мысалы 2016 жылы 1683 адам зардап шексе, 2019 жылы ол 1431-ге дейін азайды», - деді министр.
Біржан Нұрымбетов еңбек қатынастары саласында әлеуметтік серіктестік белсенді дамып келе жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, 126 мың кәсіпорын ұжымдық шарт жасасты. Оның ішінде ірі және орта кәсіпорындар 94,7 пайызды құрайды. 137 мың кәсіпорын жұмыс орындарын сақтау жөнінде меморандум жасады. 205 мың кәсіпорын жалақысы төмен 1,2 млн жұмысшылардың жалақысын 32,7 пайызға көтерді.
Сондай-ақ, ол осы жылғы 14 мамырда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Еңбек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң күшіне енгенін еске салды.
Құжат еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне жұмыскердің еңбек қызметі туралы ақпаратты енгізу арқылы кадрлық іс жүргізуді цифрландыруды; жұмыс берушілердің оларға лайықты еңбек және тұрмыс жағдайларын жасау жөніндегі міндеттері мен жауапкершілігін белгілеуді; жұмыс берушінің еңбек шартын біржақты тәртіппен бұзу құқығын болдырмауды; мерзімді әскери қызмет өткеру кезеңінде азаматтардың жұмыс орнын сақтауды; қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін кәсіподақ қозғалысын ынталандыру және кәсіподақтардың рөлін арттыру мақсатында кәсіподақтарды құру тәртібін қайта қарауды көздейді.