05 қаз, 2020 сағат 12:16

Бішкекте сайлау қорытындысымен келіспегендер наразылық өткізіп, бөтен топ жанжал шығарды

Қырғызстанда парламент сайлауының қорытындысымен келіспеген партия өкілдері 5 қазанда күндіз Бішкекте митинг өткізді. 

Қырғызстан парламенті ғимаратының маңына жиналғандарға өздерін "Сәуір революциясының қаһармандары" деп атаған топ шара өткізуіне кедергі жасады. Олар "мұнда қан төгілген, бұл қасиетті жер, мұндай орынды саясаткерлердің өз мүддесіне пайдалануына жол бермейміз" десті. Тараптар дауласып қалған соң жиналғандар алаңға қарай жылжыды. 

Митингіні сайлау қорытындысымен келіспеген бес партия өткізіп отыр. Осыған дейін "Реформа", "Мекен Ынтымагы", "Чон Казат", "Ыйман Нуру" және "Ордо" партияларының ортақ резолюцияға қол қойғаны да хабарланған еді.

4 қазанда Қырғызстанда парламент сайлауы өткен. Сайлау учаскелері таңертеңгі сағат 8-де ашылып, кешкі 8-ге дейін жұмыс істеген. Парламенттегі 120 орынға 16 партиядан 2 мыңға жуық кандидат таласқан. 

5 қазан таңертеңгі сағат 9-дағы ақпарат бойынша, бюллетень жәшіктерін автоматты түрде санайтын жәшіктердің 98 пайызынан мәлімет түскен. Сайлауға сайлаушылардың 56,5 пайызы қатысқан. 

Алдын ала мәлімет бойынша, парламентке төрт партия өтеді: 

  • "Биримдик" — 24,5%;
  • "Мекеним Кыргызстан" — 23,88%;
  • "Кыргызстан" — 8,76%;
  • "Бутун Кыргызстан" — 7,13%.

Бірінші аталған үш партияны сарапшылар қазіргі президент Сооронбай Жээнбековке жақын саяси ұйым деп санайды.

Азаттық