6 қазанға қараған түні Бішкекте митингіде қаза болған жігіт 19 жаста болған. Бішкектегі ұлттық госпитальдың бас дәрігері Токтобай Маанаев Азаттықтың Қырғыз қызметіне жігіттің ауыр жарақаттанып, ауруханада көз жұмғанын айтты.
- Марқұмның екі аяғын жарылғыш зат жұлып кеткен. Қазір сүйегін мәйітханаға жеткіздік, - деді Токтобай Маанаев.
Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, кеше, 5 қазаннан бері 600-ге жуық адам дәрігер көмегіне жүгінген. 150 адам түрлі жарақатпен ауруханаға түскен, 13 адам реанимацияда жатыр.
5 қазанда Бішкекте парламент сайлауының алдын ала қорытындысына наразы топ митинг өткізіп, кешке қарай соңы қақтығысқа ұласқан. Полиция парламент ғимараты мен президент әкімшілігі алдында наразыларға резеңке оқ, көзден жас ағызатын газ, түтін құтылар қолданған. Ондаған адам жараланған.
Кейінірек арнайы жасақ наразыларға күш қолдануын тоқтатқан. Сейсенбіге қараған түні демонстранттар Ақ үй, парламент, мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті ғимаратын басып алған.
Оқиғаға байланысты видеомәлімдеме жасаған президент Сооронбай Жээнбеков "орталық сайлау комиссиясына сайлау кезіндегі заңбұзушылықтарды тексеріп, егер расталса, парламент сайлауының қорытындысын жарамсыз етуді тапсырғанын" хабарлады.
4 қазанда Қырғызстанда парламент сайлауы өтіп, оның алдын ала қорытындысы бойынша үкіметшіл үш партия және оппозициялық бір партия парламентке өткен. Бұрын "Жогоргу Кенешінде" болған оппозициялық партиялар 7 пайыздық межеден өте алмаған. Парламентке өте алмаған партиялар сайлау кезінде сайлаушыға ақша беру сияқты өрескел заңбұзушылықтар болғанын айтып, елде қайтадан сайлау өткізуді талап еткен еді.