11 қаз, 2019 сағат 15:44

Бишімбаев өз кінәсін толық мойындады – комитет

ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитеті бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтің бостандыққа шығуын түсіндірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«2019 жылдың 25 қыркүйегінде Шымкент қаласы Абай аудандық соты Қ. Бишімбаевты мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтінішхатты қарады және қанағаттандырды. Сот шешімі 2019 жылдың 11 қазанында күшіне енген. Бұған дейін Қ. Бишімбаев рақымшылық жасауды өтініп, Мемлекет басшысына жүгінген еді. 2019 жылдың ақпанында бұл өтініш жаза мерзімін қысқарту түрінде мақұлданған», - деп хабарлады ҚР ІІМ ҚАЖ комитетінің баспасөз қызметі.

Мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтінішті қарау кезінде сотталушының абақтыдағы мінез-құлқы, кінәсін толық мойындауы сынды бас бостандығынан айыруды қажет етпейтінін көрсететін жағдайлар ескеріледі.

«Қуандық Бишімбаев өз айыбын толық мойындаған және өкініш білдірген. Сот тағайындаған өтемақыны төлеген. Жазасын өтеу барысында Қ. Бишімбаев өзін байыпты ұстаған және мәдени шараларға белсене қатысқан. Жазаның қалған бөлігін экс-министр пробациялық бақылауда өтейді», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, бүгін Шымкент қаласының түрмесінде жазасын өтеп жатқан Қуандық Бишімбаев бостандыққа шықты. 2019 жылы 13 ақпанда сотталушы Қуандық Бишімбаев Президент жарлығымен рақымшылыққа ілініп, жазасын өтеу мерзімі 10 жылдан 4 жылға қысқарған. Бүгінде жазасының үштен екі бөлігін өтеп қойған. 167/3 түзеу мекемесінің басшылығы оған жақсы мінездеме берген.

Еске сала кетсек, өткен жылдың наурыз айында бұрынғы Ұлттық экономика министрі мен осы іске қатысты өзге де айыпталушыларға үкім шыққан еді. Сот үкімімен Қуандық Бишімбаевтің мүлкі тәркіленіп, 10 жылға сотталды. Сонымен бірге, ол өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Биылғы 4 қаңтар күні Қуандық Бишімбаев Шымкенттегі қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесіне ауыстырылған болатын .