Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Заң жобасы өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың қызметін формализациялау және әлеуметтік қамсыздандыру жүйелеріне қатысуын қамтамасыз ету мақсатында әзірленген. Өзгерістер мен толықтырулар 3 кодекске (Салық, Кәсіпкерлік, Бюджет кодекстері) және 19 заңға енгізіледі.
«Заң жобасының негізгі жаңалығы бейресми жұмыспен қамтылғандардың қызметін 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап салық органдарында тіркеудің жеңілдетілген тәртібін көздейтін жаңа құқықтық режимді - Бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) енгізуді қамтиды. Ағымдағы жағдай көрсеткендей, бейресми жұмыспен қамтылуға салық органдарында тіркелу және есептен шығу кедергілері, төлем жүйелерінің көптігі және салық режимін анықтаудың қиындығы әсер етеді. Бейресми жұмыспен қамтылғандардың қызметін тіркеуді жеңілдету үшін Бірыңғай жиынтық төлемді енгізу ұсынылады», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова.
Оның сөзіне қарағанда, БЖТ-ны төлеу бейресми жұмыспен қамтылғандардың қызметін тіркеумен қатар, міндетті медициналық және әлеуметтік сақтандыру, зейнетақымен қамсыздандыру жүйелеріне қатысуға мүмкіндік береді. Бірыңғай жиынтық төлем Қазақстанның жұмыс істейтін азаматтары үшін 4 міндетті төлемді бір реттік төлеммен алмастырады.
«БЖТ-ны төлеушілер үшін кіріс салығы және әлеуметтік төлемдер бойынша ең төмен ставкалар республикалық маңызы бар қалаларда, Астанада және облыстық маңызы бар қалаларда 1 АЕК (2525 теңге), басқа елді мекендердің тұрғындары үшін - 0,5 АЕК (1263 теңге) деп белгіленді», - деп нақтылады министр.
Бірыңғай жиынтық төлемнің үлесі: жеке табыс салығы - 10 пайызды; Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар - 20 пайызды; Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына зейнетақы төлемдері - 30 пайызды; Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударымдар - 40 пайызды құрайды.
«Бірыңғай жиынтық төлемді енгізу нәтижесінде, бейресми жұмыспен қамтылғандар қатарындағы 500 мың адамның қызметін формализациялау көзделеді, сондай-ақ 65,4 мың төлеуші патент және жеңілдетілген декларация негізінде қолданыстағы салық режимінен ауысады деп күтілуде», - деді М. Әбілқасымова.
Жалпы алғанда, Бірыңғай жиынтық төлемді енгізу бейресми жұмыспен қамтылғандарға: Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуға және сомасы мен түрлері шектелмеген медициналық қызметтерге қол жеткізуге, медициналық мекемелерді таңдауға; жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуға әрі жүйеге қатысу өтіліне қарай базалық зейнетақы төлемін алуға; еңбек ету қабілетінен, асыраушысынан айырылған жағдайға, жүктілік пен босануға, бала асырап алуға, бала 1 жасқа дейін оның күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдер алуға мүмкіндік береді.
Түзетулердің екінші блогы «өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам» анықтамасына әртүрлі түсінік беруді жоюға бағытталған. Терминдерді бірыңғай қолдану үшін «жұмыспен қамтылған адам», «жалдамалы жұмыскер», «тәуелсіз жұмыскер» анықтамалары ұсынылады.