25 нау, 2021 сағат 10:00

Бірыңғай аграрлық салық енгізуіміз керек – Мұхтар Тайжан

Жер реформасы жөніндегі комиссияның бірінші отырысында қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан кепілдікте тұрған жерлерге қатысты ұсыныс айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Келесі менің ұсынысым, бірыңғай аграрлық салығына қатысты. Бүгінгі таңда адам жерді бос ұстайтын болса, жер салығы өте төмен. Ал егер жұмыс істейтін болса, қосымша 7-8 салық қосалады. Яғни, салық жағынан, экономикалық жағынан жұмыс істеу тиімсіз. Сондықтан бірыңғай аграрлық салық енгізуіміз керек», - деді қоғам қайраткері. 

Осы орайда ол фермер жерді қайтаруға немесе сол алқапты игеруге мәжбүр болатынын айтты. 

Сонымен қатар Мұхтар Тайжан келесі үлкен проблема банктерде тұрған жерлерге қатысты екенін, ауқымды алқап банктерде кепілдікте тұрғанын жеткізді. 

«Бұл - өз кезегінде үлкен проблема. Осы орайда мемлекет, Үкімет біржақты түрде осы келісімшарттарды бұзып, мемлекеттік қажеттілік тұрғысында сол жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруы керек», - деді ол.

Одан бөлек қоғам қайраткері жер бойынша қосалқы жалгерлікке жол берілмеуі керек екенін баса айтты.

«Келесі мәселе – ол субаренда. Қосалқы жалгерлікке жол берілмеуі керек, яғни ол латифундистердің негізі. Субарендаға жол берілсе, онда жергілікті халық ешқашан сол жерге қол жеткізе алмайды», - деді Тайжан. 

Сонымен қатар ол жер комитетінің (ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитеті) күші әлсіз екенін, өйткені жергілікті жер инспекторлары әкімдерге қарайтынын ескертті. Әкімдер бір қолмен жерді бөледі де, екіншіден, оны өзі бақылап отырады. 

Қоғам қайраткерінің айтуынша, жер инспекторлары, яғни бақылау функциялары тиісті құрылымның қарамағында болуы керек. Бұл құрылымды Ауыл шаруашылығы министрлігінен шығарып, тікелей Президентке бағындырған дұрыс болады. 

«Сонда ғана еліміздегі жер алқаптары бойынша тәртіп орнатылады деп үміттенемін», - деді Мұхтар Тайжан.