Халық денсаулығы кодексінің жаңа нұсқасына қарсылық - прогрестен қорқу. Бұл туралы ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Бүгін маған WhatsApp желісі арқылы бірнеше хабарлама келді. Қоғамдық белсенділік танытып жүрген азаматтар Халық денсаулығы кодексінің жаңа нұсқасын Парламенттен кері қайтарып алу туралы петицияға қол қоюға шақырыпты. Яғни, олардың биыл күзден бері қарай атқарылған қыруар шаруаны жоққа шығарғысы келеді. Меніңше, мұның астарында прогрестен қорқу немесе дәрігерлер мен пациенттерге берілетін мүмкіндіктердің мәнін жете түсінбеу сынды үлкен мәселе жатыр. Жалпы, біз өзгерістерден қорқамыз, үйренген сүрлеумен жүре бергіміз келеді. Бірақ денсаулық сақтау саласын дамытқымыз келсе өзгеріс жасамай болмайды. Кодекс бүгінгі қоғамның үздік денсаулық сақтау жүйесіне көшуге деген сұранысына толық жауап береді», - деп жазды министр.
Елжан Біртанов өзі де, Денсаулық сақтау министрлігі де Кодекске қатысты туындаған сауалдарға жауап беруге дайын екендігін атап өтеді.
«Баршаңызды дүйсенбі, 23 желтоқсан күні сағат 11:00-де Астана медицина университетінде өтетін кездесуге шақырамын. Кездесу уақыты өзгеріп жатса, осы жерге жазамын. Келіңіздер, біз барлық сұрақтарға жауап беруге дайынбыз. Егер бұл кездесу аздық етсе, тұрақты түрде жүздесіп тұрайық. Себебі, енгізіліп жатқан реформалар көп, ал, жұртшылықты мазалайтын сұрақтар одан да көп», -деді ол.