12 қыр, 2018 сағат 14:53

Біртанов: Биыл 8 ай ішінде 1,5 миллионнан астам адам тегін дәрімен қамтылды

Орталық коммуникация қызметінде өткен брифингте денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде халықты дәрілік заттармен қамтамасыз ету мен Қазақстан Республикасында фармацевтика саласының жағдайы және дамуы туралы айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

"Өткен жылдың басында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Денсаулық сақтау министрлігіне тегін дәрі-дәрмекпен қамту мәселесін және дәрі-дәрмектердің бағасын реттеу бойынша нақты тапсырма берді. Екінші тапсырма бойынша арнайы заң әзірленді. Ол қазіргі уақытта Парламентте қаралып жатыр, жылдың аяғына дейін шешім қабылданады деп сенеміз", - деді Біртанов.

Сондай-ақ, ол 2019 жылдың қаңтар айынан бастап еліміздегі барлық дәріханадағы дәрі-дәрмектердің бағасын реттеу механизмі енгізілетінін айтты.

"Өздеріңіз білесіздер, бір дәрінің бағасы екі дәріханада екі түрлі болатын жағдайлар болады. Кей дәрі-дәрмектің бағасы жазда басқа, қыста басқа бағада сатылады. Жаңа заң жобасы қабылданса, бұл мәселенің бәрі реттеледі", - деді ол.

Өткен жылдан бастап дәрі-дәрмектерді сатып алу туралы бірнеше жаңа нормативтік-құқықтық актілер қабылданды. Тегін дәрі-дәрмектерді сатып алу процесі орталықтандырылған, яғни қазіргі уақытта бүкіл дәрі-дәрмек "СҚ-Фармация" компаниясы арқылы сатып алынады.

"Биыл 8 ай ішінде 1,5 миллионнан астам адам тегін дәрімен қамтылды. Жыл соңына дейін 3,5 миллион адам тегін дәрімен қамтылады деп жоспарланған. Түсінікті болуы үшін тағы бір қайталап айта кетейін, тегін дәрі-дәрмектер тізіміне кіретін дәрілер ғана тегін беріледі. Ол емделу үшін қажетті 100% дәрінің 30-ы деп атауға болады. Егер тегін берілетін дәрі-дәрмекті жымқыру не сату сияқты заңсыз жағдай болса, фармация комитетінің жергілікті департаментіне хабарлап айту керек. Ондай жағдайда қажетті әкімшілік немесе құқықтық шешімдер қабылдаймыз", - дейді Елжан Біртанов.