Фото: martebe.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда тұратын халықтардың тілін еркін қолдануға қарсы әрекеттерге қатаң тосқауыл қойылатынын мәлімдеді. Осы орайда Ult.kz тілшісі мемелекеттік тіл мен өзге тілдерді меңгеру туралы еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің ел алдында жүрген азаматтарымен тілдесіп көрді.
Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезінің пленарлық отырысында президент кейбір мемлекеттерде әсіре ұлтшылдық пен жалған патриотизмнің күн санап белең алуына алаңдаушылық білдірді.
«Қалыптасқан түсініктердің көз алдымызда өзгеруі жастарды адастырады. Бір жағынан біз құқықтық консервативті және либералды идеологиялардың қақтығысына куәміз. Бұл бірқатар елді саяси тұрақсыздыққа әкеледі», – деді Тоқаев.
Оның айтуынша, Қазақстан осы тектес жаһандық проблемаларды жіті бақылап отырады.
«Бұл – ішкі саясатымыздың негізгі өзегі. Түрлі этнос, дін және ұлт өкілдері арасында толеранттылық пен өзара құрмет саясатын жүргізу маңызды деп санаймын. «Бірлігіміз – әр алуандықта» ұстанымына зиян келтіріп, оған күйе жаққысы келетін, соның ішінде мемлекеттік қызметте және қоғамдық орында елімізді тұрақты мекен ететін халықтардың тілін еркін қолдануға қарсы әрекеттерге қатаң тосқауыл қойылады. Оған «Заң және тәртіп» қағидатына сай құқықтық баға беріледі», – деді Тоқаев.
Мемлекеттік тіл – ұрпақ болашағының кепілі
«Уйгур авази» газетінің бас редакторы Ершат Әсмәтовтың сөзінше, Президенттің сөзі – ойлы, әлемге танымал саясаткердің салмақты пікірінен туған тұжырым.
«Бұл бастама жастардың тіл үйренуіне ешқандай кедергі болмайды деп сенемін. Қайта, керісінше, ынталандырады. Өйткені бүгінгі жас буын өте зерек, ойы ұшқыр, креативті әрі дамуға құштар. Олардың бірнеше тілді қысқа уақыт ішінде меңгеріп алуға қабілеті жетеді.
Мәселен, бесінші сыныпта ұйғыр тілінде білім алып жүрген немерем қазақ тілінде еркін сөйлейді, орысшасы да жақсы, ал ағылшын тілін де үйреніп жатыр. Қазақтың өлеңдерін, әндері мен билерін жақсы біледі. Әсіресе Мұқағалидың жырларын сүйіп оқиды, қазақ тілінде түрлі байқауларға қатысып, жоғары нәтижелер көрсетіп жүр. Өйткені баланың санасы – тап-таза ақ парақ. Сол параққа ізгі білім мен тілді еркін жазуға болады. Менің арманым – келешек ұрпақ өз ана тілін сақтап, мемлекеттік тілді терең меңгеріп, сонымен бірге бірнеше шетел тілін игерген азамат болып қалыптасуы.
Қазақстанда әрбір азамат ана тілін құрметтеп, міндетті түрде мемлекеттік тілді жетік білгені абзал», – дейді Ершат Әсмәтов.
Оның сөзінше, әр этностың өз тілін сақтауымен қатар мемлекеттік тілге құрметпен қарауында Қазақстан халқы Ассамблеясының үлесі зор.
«Мәселен, біз, ұйғырлар үшін мемлекеттік тілді меңгеру қиын емес. Себебі ұйғыр мен қазақ тілдерінің түбірі, дыбысталуы, сөздік қоры өте жақын. Тіпті кейбір сөздеріміз айна-қатесіз бірдей. Қазір ұйғырша сөйлейтін кез келген бала қазақ тілін еркін түсініп, тілдесе алады. Уақыт өте келе мұның жемісі бұдан да айқын көрінеді деп ойлаймын.
Қазірдің өзінде Ассамблея мүшелерінің 99 пайызы мемлекеттік тілді еркін меңгеріп отыр. Біз үгіт-насихат жұмыстарын үзбей жүргізудеміз. Өзім басқаратын «Уйгур авази» газетінде мемлекеттік тілді қолдауға арналған арнайы бет бар. Оқырмандарымыз ол арқылы қазақ тілінде жаңалықтармен танысып, қосымша тілашар ала алады. Әр нөмірде біз он сөзді төрт тілде – ұйғыр, қазақ, орыс және ағылшын тілінде ұсынамыз. Ойлап қарасаңыз, әр шығарылымнан он сөзден үйренген оқырман біртіндеп мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін деңгейге көтеріледі», – дейді Ершат Әсмәтов.
Қазақ тілі трендке айналды
Ал тележүргізуші Алла Гавринаның айтуынша, еркіндік тіл мәселесінде де айқын сезіледі. Қазір жастар да, жалпы қазақстандықтар да шет тілдерін үйренуге құштар.
«Біз – еркін елдің азаматтарымыз. Өз жерімізде емін-еркін өмір сүріп, бір-бірімізді сыйлап, ағайындай араласып келеміз. Бұл еркіндік тіл мәселесінде де айқын сезіледі. Қазір жастар да, жалпы қазақстандықтар да шет тілдерін үйренуге құштар. Бұл – өте жақсы құбылыс. Өйткені көп тіл білген ұтылмайды.
Өз тәжірибемнен айтар болсам, мен 6-7 тілді еркін меңгерген адамдарды білемін. Олар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылып, тың көкжиектерге жол салынады. Мәселен, біз қазір қытайлық әріптестерімізбен бірлескен телевизиялық жобаны түсіріп жатырмыз. Сол алаңда қытай тілін жетік меңгерген қазақ жастары аудармашы ретінде бізге үлкен көмек беруде. Бұл – олардың кәсіби тәжірибесі әрі нәпақасы. Ең бастысы, олардың барлығы мемлекеттік тілді де жетік меңгерген. Қазақ тілін білген адам қашанда құрметке ие. Қазақ халқы – сөз қадірін терең түсінетін халық. Біздің мақалдап, нақылдап сөйлеуіміздің өзінде үлкен мән бар. «Тілі бірдің – тілегі бір» дейміз. Көптеген тіркестерді қазақ тілінде ғана әсерлі жеткізуге болады. Мәселен, маған Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген өсиеті ерекше әсер етеді. Басқа тілдерге аударуға болар, бірақ қазақшадағы әуезділігі бөлек. Қазақтың классикалық шығармаларын оқығанда да ерекше сезімге бөленесің. Құдды бір кино лентасы секілді көз алдыңнан ата-бабамыздың тұрмыс-тіршілігі өтіп жатқандай әсер қалдырады», – дейді Алла Гаврина.
Сонымен қатар тележүргішузі қазақ тілін меңгерудегі өз тәжірибесімен бөлісті. Айтуынша, оңай болмаған, бірақ көп қолдаудың арқасында мемлекеттік тілді меңгеріп шығыпты.
«Өзіме қазақ тілін меңгеру оңай болған жоқ. Мектеп табалдырығынан бастап үйрендім, талай қиындық көрдім. Бірақ ұстаздарым қолдап, бағыт-бағдар берді. Ең алғаш түсініп оқыған шығармам – Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі еді. Оны түсініп оқыған сәтімде қатты қуандым. Өйткені әрбір сурет көз алдыма елестеп, қазақ тіліне деген сүйіспеншілігім арта түсті.
Бүгінде қазақ тілі – менің өмірімнің ажырамас бөлігі. Иә, орыс тілінде сөйлей беруге де болар еді, бірақ қазақ тілінсіз өмірімді елестете алмаймын. Қазақ тілін әлі меңгермеген жандарға айтарым: егер үйренсеңіздер, сіздер үшін жаңа, әдемі бір әлем ашылады. Бұл тілде бүкіл әлемді құшағына сыйғыза алатын кеңдік бар. Бауырым деп жақын тартып тұратын қазақ халқының қасиеті тілінде де көрініс тапқан.
Қазақ тілінің дамуына жылдар бойы көптеген жұмыстар атқарылды. Қазір сол еңбектің нәтижесі анық байқалады. Қазақ тілі – шынымен де трендке айналды», – дейді Алла Гаврина.
Тіл – ұлтты ұйыстыратын құндылық
Ал Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданның Жəңгір хан атындағы ЖОББМ-нің ұстазы Альфия Аксенова бұл бастама халқымыздың достығын, татулығын арттыратынына сенеді.
«Алдымен өзге ұлт өкілі ретінде және қазақстандық азамат ретінде Президентімізге осындай шешім қабылдағаны үшін, өзге ұлт өкілдеріне өз тілдерінде еркін сөйлеуге, еркін білім беруге, сауда жасауға немесе қарым қатынас жасауға, қызметте болсын, өз тілінде сөйлеуге мүмкіндік бергеніне алғыс айтқым келеді.
Екіншіден, өзге ұлт өкілдерінің тек мемлекеттік тіл ғана емес, өзге ұлттың тілін де құрметтеуге шақырады деп есептеймін.
Бір шаңырақтың астындағы халқымыздың достығы, өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, еліміздегі ұлтаралық татулық әрдайым берік болып, қашанда ынтымақ, бірлік мәңгі жасай берсін», дейді Альфия Аксенова.
Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының Қостанай облысындағы мүшесі Анель Пимичева көп ортада үштілділік көрініс тапқаны қуантатынын айтады.
«Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Біздің елде әр халықтың тілі қатар қолданылады. Қазақша да, орысша да, ағылшынша да білім алып жатқан жастар аз емес. Көп ортада үштілділік көрініс тапқаны қуантады.
Мен Қостанай телеарнасында «Время говорит» атты авторлық бағдарламамды жүргізіп келемін. Бұл жоба алғаш 2023–2024 жылдары эфирге шыққан еді, биыл жаңа маусымда жалғасын тапты. Бағдарламаның басты мақсаты – түрлі этнос өкілдерінің қазақ тілін қаншалықты меңгергенін көрсету, көрерменге мотивация сыйлау. Сонымен бірге біз жаңа сөздерді үйретіп, грамматикалық мәселелерді түсіндіреміз. Әр шығарылым көрермен үшін пайдалы білім мен қызықты тәжірибе ұсынуға бағытталған.
Біздің елімізде «мына тілде сөйле, ана тілде сөйлеме» деп айту – дұрыс емес әрекет. Өйткені Конституцияға сәйкес, біз еркін халықпыз. Әркімнің қай тілде сөйлеуіне құқығы бар. Бұл – Қазақстанның басты ерекшелігі әрі байлығы. Біз біртұтас қазақстандықпыз, ал этнос өкілдері – осы бірліктің ажырамас бөлігі.
Қай тілде сөйлесек те, ол біздің мәдениетімізді, дамығанымызды, жан-жақтылығымызды көрсетеді. Бір-біріміздің мәдениетімізді дәріптеп, тілдегі амандасу, қоштасу секілді қарапайым элементтерді білу де бауырластықты арттыра түседі.
Жастардың тіл үйренуге деген ынтасы өте жоғары. Мұнда ең әуелі мұғалімнің рөлі зор. Егер ұстаз сабақты қызықтыра білсе, бала да сол пәнге тартылады. Сондай-ақ ата-ананың қолдауы қажет. «Тіл – сенің болашағың» деп бағыт берсе, жас ұрпақтың да талпынысы артады», – дейді Анель Пимичева.
Қазақстанның басты байлығы – тілдер мен мәдениеттердің алуан түрлілігі. Осы байлықты сақтау – әрқайсымыздың парызымыз.
Ақбота Мұсабекқызы
