Фото: Мәжіліс баспасөз қызметі
Мәжілісте депутат Еділ Жаңбыршин жемқорлықты азайтуды ең бірінші құқық қорғау органдары өздерінен бастау керек екендігін айтып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Ұлан Сарқұловқа:
“Бірінші өздеріңді тазалап алыңдар. Өздерің дұрыс жұмыс жасаңдар. Өздерің параға итермелемеңдер, сол кезде бәрі “нормально” болады”,- деп шүйлікті.
Депутаттың бұл мәлімдемесіне Ұлан Сарқұлов жемқорлық фактілері бойынша қандай да бір мәлімет болса оны құқық қорғау органдарына беруді сұрады.
“Құқық қорғау қызметкерлеріне байланысты толығымен келісемін. Тек таза қызметкерлер жұмыс жасауы керек. Бізге мәлімет берсеңіз, біз оны міндетті түрде тексеретін боламыз. Бізге бермесеңіз, нормаға сәйкес басқа органдарға беруге болады. Олар айналыссын біздің қызметкерлермен”,- деп жауап берді ол.
Сондай-ақ депутат Еділ Жаңбыршин талқыланып жатқан заң нормаларына байланысты:
“Еуропалық стандарт деп ЛГБТ ны құтыртып қойдық, “Doing Business” деп құрылыстың барлығын “самотёкқа” жібердік. Енді келіп Еуропалық стандарт, параға уәде берсе соны апарып ұстауымыз керек дейсіздер”,- деді.
Еділ Жаңбыршин сұрағында ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлерге де тоқталды.
“Еуроралық стандарт пен модельдерді енгізерде Қазақстанның, жалпы өзіміздің халықтың мәдениетін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрлерін зерттедіңіздер ме? Біз унитарлы мемлекет болғанымызбен ерекшеліктер бар ғой. Батыс пен шығыстың, солтүстік пен оңтүстіктің деген сияқты... Сіздер тек калька алып келіп, ана модельді... Осы норманы қалай да кіргізуіміз керек, Еуропалық инстуттар бізден соны талап етіп жатыр деп кіргізе салуға болмайды деп есептеймін. Бәрін зерттеп алу керек қой. Сол зерттелді ме? Әлде сіздер айтылған халықаралық инстуттардың нормаларын әкеліп отырғыза салдыңыздар ма?”, -деп сұрады Еділ Жаңбыршин.
Депутаттың бұл сұрағына Ұлан Сарқұлов салт-дәстүрді түсінетінін, оны құрметтейтінін және Қазақстан азаматы екенін айтып, барлық облыстардың қандай салт-дәстүрлері бар екенін білетінін жеткізді. Одан бөлек ол:
“Doing Business, тағы басқа бизнес стандарттарының бізге ешқандай қатысы жоқ. Біздің айтып отырғанымыз жемқорлық стандарттары. Осы нормалар жаңа, көп сұрақтар туындауы мүмкін. Бірақ ең басты мәселе, біз өзімізден бастауымыз керек. Өзімізден бастамасақ, заңға енгізбесек. Онда ешқандай нәтиже шықпайды”,-деп жауап берді.
Айта кетейік, Парламентте “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы” заң “мүдделер қақтығысы” атты жаңа тарауымен толықтырылуы туралы нормалар талқыланды. Осы тарауда мемлекеттік қызметшілер мен олардың басшыларының мүдделер қақтығысы болған кезде міндеттері көзделген. Мысалы, мүдделер қақтығысы туралы хабарларды немесе басқа көзден алынған мүдделер қақтығысы туралы ақпаратты мемлекеттік органдарда әдеп жөніндегі уәкілдер, квазимемлекеттік ұйымдарда – сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер, ал олар болмаған кезде, кадр қызметтері қарайды.