28 сәу, 2020 сағат 09:36

Біріккен Араб Әмірліктерінің әуе компаниясы ораза кезінде азық-түлік салынған қорап таратуда

Etihad Airways компаниясы ауызашар үшін Etihad Ramadan Box жобасын қолға алды, деп хабарлайды WAM News. 

Әуе компаниясы елдегі тамақ жеткізіп беретін мейрамхананы іздеу платформасы Zomatо компаниясымен серіктесті. Осы арқылы COVID-19 жұқтыру қаупі бар ортадағыларға тамақ жеткізілмек. Оның қатарында ауруханадағылар, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар, еріктілер ұйымдары және мұқтаж отбасылар бар. 

Дүйсенбіде әуе компаниясы COVID-19 пандемиясынан зардап шеккен немесе қаржыдан тарыққандарға Zomato қосымшасы арқылы Etihad Ramadan-ның бір қорабын сұрай алатынын жеткізді.

«Рамазан – достармен, отбасымен кездесетін уақыт. Алайда пандемия кезіндегі қиын жағдайды ескерсек, биыл олай жиналу мүмкін емес. Бұл қиын кезде қонақжайлығымызды және медициналық қызметкерлерге, пандемияға қарамастан, еңбек етіп жүргендерге деген қамқорлығымызды жұртшылықтың сезінгенін қалаймыз», - деді Etihad Aviation Group коммерциялық директоры Робин Камарк.

Еріктілер, денсаулық сақтау және басқа ұйымдардың қызметкерлері Zomato жеткізетін дайын тағаммен қатар азық-түлік және тамақ істеудің қарапайым рецепті салынған тағы бір қорап алады. 

«Біз қазіргі кезде қолдауға мұқтаж адамдар бар екенін білеміз. Etihad Airways-пен серіктестік – оларға көмектесу үшін қолдан келгенді істеудің бір амалы. Адам ауырса да, жұмысынан айырылса немесе жай ғана көмекке мұқтаж болса, онда Etihad Ramadan қорабы қиын кездегі қамқорлықтың бір белгісі. Біз бұл бағытта Etihad Airways-пен бірге жұмыс істеп жүргенімізді мақтан етеміз», - деді Zomato-ның өңірлік директоры Карл Баз:. 

Сондай-ақ, әуе компаниясының әлеуметтік желідегі Etihad@Home парақшаларында Etihad Inflight аспаздары ас әзірлеу сабақтарын үйретеді.