15 қаз, 2020 сағат 12:46

«Біргеміз» қорынан 5 млрд теңге аймақтарға аударылды

Атаулы көмек қаражаты өңірлерге 100% аударылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Nur Otan» партиясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазірдің өзінде елдің әлеуметтік осал топтарына бір реттік көмек көрсету үшін «Біргеміз» қорынан 5 миллиардтан астам теңге еліміздің аймақтарына жіберілді. 

Қор басшылығы аптаның аяғына дейін барлық қаражатты бөлу туралы нақты міндет қойды. Партияның жіті бақылауымен әкімдіктер қаражатты алушылардың тізімдерін жасап үлгерді. Төлемдер мұқтаж жандардың банктік карталарына автоматты түрде түседі, операция нәтижесі бойынша банк соманың есептелгендігі туралы SMS хабарлама жібереді.

Материалдық көмек мына 7 санаттағы азаматтарды қамтиды, олар: аз қамтылған көпбалалы отбасылар, мұқтаж мүгедектер, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасылар, зейнеткерлер, ең төменгі зейнетақы алатындар және халықтың әлеуметтік осал топтарының тізіміне енетіндер, жетім балалар (жетім балалар және асыраушысының бірін жоғалтқан балалар), Ұлы Отан соғысының ардагерлері және оларға теңестірілген мүгедектер, сондай-ақ тыл еңбеккерлері.

Сондай-ақ, қор есебінен Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы Мырзакент ауылында 20 үйдің құрылысы аяқталды. 12 үйдің құрылысы әлі жалғасуда.