28 мам, 2024 сағат 16:05

Бір жылда тұтынушылардың шағымы 3 есеге өскен


Бір жылда тұтынушылардың шағымы 3 есеге өскен. Бұл туралы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау Комитетінің төрағасы Асқар Тынысбеков Астанада өткен баспасөз отырысында мәлімдеді деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".


Өткен жылы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау Комитеті 50 866 өтініш қарапты. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 3 есеге артып, 2,6 мыңнан 7,7 мың шағымға дейін ұлғайған.

"2023 жылы бөлшек сауда – 36,5%, электрондық сауда – 15,2%, тұрмыстық қызметтер – 12,7%, ТКШ – 9,1%, байланыс қызметтері – 4,1% және т. б. бойынша өтініштер көп түсті. Шағымдарға жүргізілген талдау, кәсіпкерлер тарапынан тұтынушылардың құқықтарын бұзудың өскенін, бизнестің сапасыз тауарларды сатуын, сондай-ақ сапасыз жұмыстар мен қызметтер көрсетуін, сонымен қатар халықтың тұтыну мәдениетінің өскенін көрсетеді", -деді Асқар Тынысбеков.


Сауда және Интеграция Министрлігі тұтынушылық көңіл-күй динамикасын қадағалап отыру үшін әлеуметтік сауалнамалар жүргізген екен. Зерттеуге қатысқан 10 мың респондент арасында 65% адам медициналық қызметтердің сапасына наразы болған көрінеді. Интернет-провайдерлердің қызметтеріне шағымдану 52% болып шыққан. Сұраққа жауап берген тұтынушылардың 52% туристік қызмет көрсетуде дөрекілік және қызметкерлердің сапасыз қызмет көрсетуі, бұзылған тамақ, санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтамау, мемлекеттік тілде мәзірдің болмауы сияқты шағымдар айтқан.

"Қоғамдық бірлестіктердің ақпаратына сүйенсек еліміздің әр қоғамдық бірлестіктеріне күніне кем дегенде 1 сұрақпен немесе 1 арызбен тұтынушы хабарласады екен. Шамамен жылына 6 мыңнан аса арыздарды еліміздің қоғамдық бірлестіктері қарап шешімдерін тауып отыр екен. Арыздар көбінесе тұрмыстық сауда бөлшектер бойынша, тұрмыстық қызмет көрсету  мен жұмыстарды өндіру бойынша түседі. Сонымен қатар тұтынушылар медицина және тұрғын үй коммуналдық шаруа жөнінде хабарласады екен. Алайда, қазіргі қолданыстағы Заңның кейбір баптарына сәйкес тұтынушылардың құқықтарын толық шешуге мүмкіндіктер жоқ екенін айта кету керек", -деп отыр Ғасыр сапасы қоғамдық бірлестігінің өкілі Жанна Биятан.

Сауда және Интеграция Министрлігі жосықсыз бизнеспен жұмыс істеудің алдын алуға бағытталған заң жобаларын әзірлеп, өткен жылы Парламент Мәжілісінің қарауына енгізген. Парламент депутаттары заң жобасына оң қорытынды берген. Қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінде шамамен 15 жұмыс тобы өткізіліп, депутаттар заң жобасына бірқатар түзетулер енгізген. Отырыс барысында депутаттардан бірқатар ұсыныстар түскен. Олар тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың ақпараттық жүйесі, электронды сауда бөлігінде заң жобаларының ережелерін кеңейту және жеке хабарландырулардың интернет алаңдарында қоғамдық қатынастарды реттеу туралы болған.