13 шіл, 2021 сағат 22:16

Бір жыл бұрын жоғалған өзбекстандық Алматыдан табылды


Із-түссіз жоғалып кеткен өзбекстандық Алматыдан аман-есен табылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұған дейін, БАҚ-та 39 жастағы Өзбекстан азаматшасы Қазақстанда жоғалып кеткені және туыстары онымен бір жыл бойы байланысқа шыға алмай отыр деген ақпарат тараған болатын. 

«Бұл мәселе бойынша СІМ арқылы ешқандай ресми мәлімдеме болған жоқ. Соған қарамастан жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп, нәтижесінде әйел табылды. Әйелдің «Тастақ» шағын ауданындағы кафелердің бірінде жұмыс істейтіндігі, бірақ қаланың Медеу ауданында тұратындығы анықталды», – деді Алматы қаласы ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.

Сонымен қатар, спикер өзбекстандық әйел өзінің туыстарымен жеке мәселелер бойынша және тұрақты табыстың жоқтығын ескере отырып байланыспағанын айтты.

Сондай-ақ, әйел әзірше үйге бармайтынын айтыпты.