ҚР Мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова карантин – коронавирус инфекциясының алдын алудың бірден-бір жолы болып қала беретінін еске салды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Халықтың назарын мына жайтқа аударғым келеді: инфекцияның таралу өрісіне талдау жүргізе отырып, бір науқастың вирусты 80 адамға жұқтыруы мүмкін екенін біліп отырмыз. Карантин кезінде де көршілер бір-бірімен әңгіме-дүкен құруды доғарар емес. Артынша бір-біріне вирус жұқтырады. Мұндай жағдайлар да бізде кездесті. Орташа есеппен бізде коронавирус жұқтырған 1 адамға байланыста болған 30 адамнан келеді. Қазіргі таңда жұқтырған адамдардың 70 пайызы ауру белгісін байқамай өтіп кететінін көріп отырмыз. Демек аурудың қылдай белгісі жоқ сап-сау адамның өзі басқа адамдар үшін инфекция таратуы мүмкін», - деді Айжан Есмағамбетова ОКҚ-да онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында.
Мемлекеттік бас санитарлық дәрігер осы себепті карантин – коронавирус инфекциясының алдын алудың бірден-бір жолы болып қала беретінін жеткізді.
«Үйде болыңыздар. Аса қажеттілік туындамаса сыртқа шықпаған абзал. Тәртіп қаншалықты сақтасақ, соншалықты жылдам қалыпты өмірге ораламыз», - деді ол.
Айжан Есмағамбетовадан баспасөз мәслихаты барысында «карантин тәртібі Қазақстанда мамыр айына дейін созыла ма?» деген сұрақ қойылды. Бұл сұрақтың жауабын да бас мемлекеттік санитарлық дәрігер жоғарыда сөйлеген сөзіне үндес жауап берді.
«Қазақстан Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік комиссия ТЖ режимі 30 сәуірге дейін ұзартылғанын білесіздер. Карантин ары қарай созыла ма – ол өзімізге байланысты болмақ. Карантин шараларын қаншалықты сақтаймыз, өз-өзімізді қаншалықты оқшаулауға қауқарлымыз, қаншалықты қозғалысты азайтамыз – бәрі осы мәселеге кеп тіреледі», - деді ол.