23 қаз, 2020 сағат 07:42

Бір күнде коронавирус пен пневмониядан 6 адам қайтыс болды

22 қазанда Қазақстанда 186 адамның коронавирус пневмониясына шалдыққаны анықталды. Бір күнде 27 адам жазылып, пневмонияның осы түрінен 1 адам қайтыс болды.

Денсаулық сақтау министрлігінің таратқан ақпараты бойынша, 1 тамыздан бері 36 567 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан, 28 390 адам жазылған, 391 адам қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус пневмониясына шалдыққандарды Covid cтатистикасына қосуға кеңес бергенмен Қазақстан үкіметі құлақ аспай келеді. Елде коронавирус жұққаны ПТР тестімен расталғандар мен клиникалық белгілері бойынша коронавирусқа шалдыққандар (коронавирус пневмониясы) есебі бөлек жарияланып жатыр. 

22 тамызда коронавирус жұққаны тестпен расталғандар арасында 5 адам қайтыс болған. Наурыз айынан бері коронавирустан барлығы 1811 адам көз жұмған.

Қазір 2 782 адам коронавирустан емделіп жатыр, 211-і - бала. Стационарда - 2 205 адам, амбулаторлық жағдайда 577 адам емделіп жатыр. 101 адамның жағдайы - ауыр, 10 адамның жағдайы - өте ауыр, 13 адам жасанды тыныс алу аппаратымен дем алып жатыр.