01 қар, 2021 сағат 13:15

Бір аптада Қазақстанда 3 мыңнан астам қылмыс жасалды


Өткен аптада елімізде 3124 қылмыс жасалды, оның 2 мыңнан астамы ізін суытпай ашылған. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бір апта ішінде 3124 қылмыс жасалды, оның арасында 2104 іс бір тәулік ішінде ашылды.

Полиция қызметкерлері ізін суытпай кісі өлтіруге қатысты – 9, өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруге қатысты – 5, қарақшылық – 5, тонау – 47 және бөтен мүлікті ұрлауға қатысты 454 қылмысты ашты», - деді Нұрділдә Ораз Ішкі істер министрлігі ұйымдастыратын апталық брифингіде. 

Бұған дейін ресми өкіл Қазақстандағы ең ірі қаржы пирамидасы QUESTRA WORLD-қа қатысты іс сотқа берілгенін хабарлаған еді.

Тергеу барысында 2016 жылдың наурызынан 2017 жылдың маусымына дейін Испания, Кабо-Верде және Ресей азаматтары Қазақстан аумағында QUESTRA WORLD қаржы пирамидасын құрып, оны қазақстандықтар да тартылған трансұлттық ұйымдасқан топ құрамында басқарғаны анықталды. Пирамида басшылары салынған соманың 336% дейін табыс табуға кепілдік беріп, салымшыларға виртуалды валютаны пайдалану арқылы 90-нан 500 мың еуроға дейінгі ойдан шығарылған инвестициялық портфельдер сатып алуды ұсынған.