28 шіл, 2021 сағат 18:40

Білім мекемелеріне Ashyq жүйесін енгізу мәселесі пысықталып жатыр – Есмағамбетова


Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова Ashyq жүйесін мектеп пен балабақшаларға енгізу мүмкіндігі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазір балаларды қыркүйектен бастап оффлайн режимде оқыту мәселесі пысықталып жатыр. Әрине, мектепте білім алатын балалардың саны қазір айтарлықтай көп – 3 миллионнан асады. Біз де балалардың мектептен үйіне вирус апару немесе үйінен мектепке вирус алып келу қатері бар екенінен қауіптеніп отырмыз. Сондықтан мектептерге, мектепке дейінгі білім ұйымдарына, жоғары оқу орындары мен арнайы білім беретін орындарға Ashyq жүйесін міндеттеп енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Бірақ нақты бір шешім жоқ», - деді комитет төрағасы.

Сондай-ақ, ол білім ошақтарына Ashyq жүйесін енгізген күннің өзінде смартфон алып жүрудің қажет болмайтынын түсіндірді.

«Бүгінде біз мұғалімдерге міндетті талап қойып отырмыз. Медициналық қарсы көрсетілімі жоқ мұғалімдердің бәрі офлайн режимде жұмыс істеуі үшін екпе алуы керек. Бұл балалардың қауіпсіздігі үшін қажет болғандықтан, міндетті талап. Сонымен қатар, бас санитар дәрігердің қаулысы бойынша Ashyq жүйесінің аясында смартфоны жоқтар ЖСН-ін көрсету арқылы статусты анықтау мүмкіндігі бар», - деді Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы.

Сонымен қатар ол Ashyq жүйесіне қатысатын нысандарға балалардың кіру тәртібін түсіндірді.

Оның айтуынша, 12 жасқа дейінгі балалар қоғамдық орындарға көп жағдайда ата-анасымен бірге барады.

«Ashyq жүйесіне енген нысандарға 12 жасқа толмаған балалар ата-анасының жетегінсіз көп бара бермейді. Ал ата-аналарының «қауіпсіз» статусы болса, балалары да еркін кіре алады. Ал аталмыш нысандарға ата-анасынсыз баратын, 12-ден асқан балалар үшін ерікті ПТР тест жүйесі бар. Бизнес нысандарының өздері балалардың Ashyq жүйесіндегі статусын анықтау туралы міндетті талап қойып жатқан жайттар бар. Сондықтан 12 жасқа дейінгі балалардан Ashyq жүйесінде статусын анықтау талап етілмейді. Одан үлкен балалар еріктілік аясында іске асады», - деді комитет басшысы. 

Оның айтуынша, соңғы кезде балалар коронавируспен бұрынғыдан жиі ауыратын болған. Дегенмен, бұл оларды ата-аналарының келісімінсіз вакциналауға негіз бола алмайды. 

«Балалардың құқықтары туралы заң бойынша балалармен қатысты дүниенің бәрі ата-ананың рұқсатымен жасалуы керек. Яғни, 18-ге дейінгі балалардың ата-аналарынан немесе өкілдерінен келісім алу міндетті. Сондықтан осындай тәртіп бойынша жұмыс істеп жатырмыз», - деді Айжан Есмағамбетова.