ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Конституциялық Кеңесіне жүгіну себебін бұдан ары талқылаудың қажеті жоқ. Бұл пікірді «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында қонақта болған ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев білдірді, деп хабарлайды "ҚазАқпарат".
«Осы аптада Мемлекет басшысының Конституциялық Кеңеске өтініш беруі туралы ақпараттың біршама талқыға түскені белгілі. Осыған байланысты әлеуметтік желіде әлі де Қазақстандағы билік транзиті болуы мүмкін деген пікір білдіріп жатыр. Бұған қатысты не айтар едіңіз?», - деп сұрақ қойды бағдарлама жүргізушісі министрден.
Бұл сұраққа жауап берген Дәурен Абаев бұл тақырып туралы барлық әңгіме айтылуындай айтылғанын жеткізді.
«Бұл тақырыпты жабайық. Бүгінгі таңда биліктің транзиті туралы ешқандай әңгіме қозғалғалы отырған жоқ. Мемлекет басшысының түсіндіруіне артық сөз қосудың қажеті де жоқ. Конституциялық Кеңеске өтініш беру - маңызды, десе де жұмыс бабындағы процедура. Бұл өтініштен екінші мағынаны іздеудің қажеті шамалы. Бұлай мағына іздеудің өзі логикаға қайшы. Қазіргі таңда Президенттің жұмысының ел ішінде де, сыртында да тығыз кестесі бар. Мемлекет басшысының орта мерзімді және ұзақ мерзімді перспективаларға қатысты өте маңызды тапсырмаларды жүктегені белгілі. Жолдауда да, Үкіметтің кеңейтілген отырысында да, Жастар жылында да осы тапсырмалар туралы айтылған еді», - деп жауап берді Дәурен Абаев.
Министр өз сөзінде осынау жаңалықтың неліктен біршама қауесет таратқанына байланысты ойын білдірді.
«Транзиттің өзі де сан-саққа ой тартар тақырып екенін білесіз. Бұл тақырыпқа қатысты кез келген пікірдің өзі елдің назарын аударады. Менің өзім де транзит тақырыбы дегенде кең талқы мен талдау жасап жүретін сарапшыларды білемін. Жалпы, бұл тақырыптағы пікірталастың өз тәртібі, өз жорамалы, өз болжамы бар жеке жүйені еске түсіреді. Ол болжамдар шынайылыққа сай бола бермейді. Шынында да, Президентте - Ұлт көшбасшысында халықтың табысын арттыру бойынша тапсырмалары бекітілген нақты тәртібі бар», - дейді Дәурен Абаев. Еске сала кетсек, бұған дейін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Конституциялық Кеңесіне жүгіну себебін түсіндіргенін хабарлаған болатынбыз.