Нұр-Сұлтан қаласында әлемдік опера примадоннасы Бибігүл Төлегенованың 90 жылдық мерейтойына арналған кеш өтті, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
«Астана Опера» театрында өткен мерекелік шараға Б.Төлегенованың шақыртуымен қазақстандық танымал опера әншілері, ізбасарлары, Бибігүл Төлегенова байқауының лауреаттары қатысты.
«Бүгін Тұңғыш Президентіміз - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен салынған «Астана Опера» театрында әйгілі әнші, аңыз адам Бибігүл Ахметқызы Төлегенованың мерейтойына орай керемет кеш өтуде. Сізді шығармашылық кешіңізбен шын жүректен құттықтаймын. Жыл бойы, әлемнің әр бұрышынан сіздің атыңызға мыңдаған хат келіп түсуде. Бибігүл Ахметқызы, сізге ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құттықтауын оқып беруге рұқсат етіңіз» деген ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Мемлекет басшысының және ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаеваның құттықтау хаттарынан жылы лебіздерді оқып берді.
Қазақтың бұлбұл әншісі өзінің ауқымды репертуарынан бірқатар нөмірлерді орындады. Атап айтқанда, Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан Жібектің (Гәкку) ариясы, Г.Тукайдың сөзіне жазылған татардың «Тафтиляу» әні, Н.Лысенконың «Наталка-Полтавка» операсынан Наталканың ариясы шырқалды.
«Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке, молшылық тілеймін, қуанышты күндеріміз көп болсын, Құдай Тағала бізге қайғы көрсетпесін, елімізде бейбітшілік болсын, барлығымыз аман болайық. Мен көп қиыншылықты, соның ішінде Ұлы Отан соғысын да, аштық пен кедейлікті де көрдім. Сондықтан біздің қазіргі өмір сүріп жатқан уақытымыз – жұмақ деуге болады. Бүгінгі кешіме көп адам жиналды – бұл үлкен бақыт, мұның бәрі біздің Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың арқасы. Ол халық үшін көп жақсылық жасады. Бұл туралы ұмытпауымыз қажет» деді Бибігүл Төлегенова.