16 қар, 2016 сағат 15:34

BI Group компаниясы EXPO-2017 аумағында болған төтенше жағдайға қатысты мәлімдеме жасады

BI Group компаниясы EXPO-2017 аумағында болған төтенше жағдайға қатысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" тілшісі компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"2016 жылдың 16 қарашасында, сәрсенбіде шамамен сағат 13.10-да EXPO-2017 павильонында көпір құрылысының бір бөлігі опырылып түсті. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Құрылыстың опырылу себептері анықталып жатыр. Бұл жобаның бас мердігері - BI Group холдингінің еншілес кәсіпорны. Жоба басшысы Ибрагим Жекеевтің айтуынша, көпір құрылысы қатты бүлінген жоқ", - деді компанияның баспасөз қызметіндегілер.

Ал Астана қалалық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіндегілер EXPO аумағында болған төтенше жағдайдан Қазақстан азаматы, 26 жастағы ер адамның ауруханаға жеткізілгенін хабарлады. "Ол EXPO нысандарының бірінде өндірістік жарақат алды."№1 қалалық аурухана тізе жарақатымен жеткізілді", - деді ведомстводағылар.

Еске салайық, осыған дейін Астанадағы EXPO-2017 аумағында құрылыс бөлігінің опырылғаны хабарланған болатын. Бұл бүгін, 16 қарашада бірнеше сағат бұрын болып отырған жағдай.