21 мау, 2019 сағат 15:00

БҒМ: «Интернетте ҰБТ пункттерінен тікелей көрсетілім жүргізілді»

Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырып жатқан түлектердің алғашқы легі көбінде техникалық мамандықты таңдаған. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің директоры Әділет Тойбаевтың айтуынша, ҰБТ енгізілген 16 жылдың ішінде 1,7 млн түлек сынақ тапсырған.

«Жалпы ҰБТ-ның бірінші легі шататтық жағдайда, қалыпты өтті деуге болады. Әзірге ең жоғары көрсеткіш - 137 балл. Ерекше білім беру қажеттігі бар 5 оқушы да бағын сынады. Оларға барлық тиісті жағдай жасалды. ҰБТ-ның тәртіпке сай өтуін 500-ге жуық байқаушы қадағалады. Сол сияқты барлық тест тапсыратын 339 аудиторияда бейнебақылау орнатылған. Кеше тестілеу өткен пункттердің барлығынан министрліктің ресми сайты мен YouTube каналында тікелей көрсетілім жүрді. Тестілеу өткен орындардың барлығында ұялы байланыс бұғатталды», - дейді Әділет Тойбаев.

Министрлік таратқан қосымша ақпаратқа сүйенсек, түлектер арасында  әзірше техникалық мамандықтарды қамтитын оқу бағдарламаларына сұраныс жоғары.

«Математика -физика бағдарламалық комбинациясын 3963 бала, химия-биология комбинациясын 2683 оқушы таңдаған. Бірінші лектің түлектері арасында химия-физика комбинациясына ең аз сұраныс тіркелді», - делінген ресми мәліметте.

Айте кетсек, ҚР білім және ғылым министрлігі биыл ҰБТ сынақтарының алғашқы легінен қанша түлек сүрінбей өткенін жариялады. Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыру 20 маусымда басталды.