«Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесінде «Үздік әлеуметтік жоба» номинациясының жеңімпазы белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Тұмар» бәйгесін тапсыру салтанатында «Үздік деректі кино» номинациясы бойынша - «Так могло быть» деректі фильмін түсірген «365.Синема» кинокомпаниясы жеңімпаз атанды. Ал «Үздік телевизиялық сериал» номинациясы бойынша - «Асыл арман» сериялын түсірген «Астана» телеарнасы үздіктер қатарынан көрінді.
Сонымен қатар, «Үздік әлеуметтік жоба» номинациясы бойынша - «Қарекет» бағдарламасы топ жарды. «Қазақстан» ұлттық арнасының бірегей бағдарламасын елімізге белгілі тележурналист Бейсен Құранбек жүргізеді.
«Елорданың 20 жылдығына орай ерекше бәйге» номинациясы бойынша - «Менің Астанам» жобасы бойынша «Қазақ ТВ» телеарнасы жеңімпаздардың қатарын толықтырды. Жеңімпазға сыйлықты ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев табыс етті.
Ал «Телевидениенің 60 жылдығы - телевизияға қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша - Совет Масғұтов марапатталды.
Айта кетсек, Астанада өтіп жатқан «Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесінің салтанатты рәсімінде ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын оқып берді.
Еске сала кетейік, «Тұмарға» өтінімдерді қабылдау толығымен автоматтандырылып, kaztube.kz порталының негізінде жүзеге асырылған болатын. Бәйгеге қатысушылардың жоғары белсенділіктерін атап өту керек. Өтінімдерді қабылдау кезеңінде kaztube.kz порталына кірушілер саны 80%-ға өсті, ал өтінімдер саны былтырғы көрсеткішке қарағанда 1,6 есеге артты (240 өтінім).
2018 жылы «Тұмарға» 397 конкурстық жұмыс келіп түсті. Олардың ішінде қазылар алқасы Бәйге ережесінің талаптарына сәйкес рәсімделген 355 конкурстық өтінімді қарау үшін қабылдады. Ағымдағы жылғы бәйгеге 14 номинация бойынша өтінімдер қабылдау 15 қаңтар мен 1 наурыз аралығында жүргізілген.