07 қаз, 2022 сағат 15:13

Бейбітшілік жөніндегі Нобель сыйлығының лауреаттары белгілі болды


Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығы беларус құқық қорғаушысы Алес Беляцкийге, Ресейдің "Мемориал" және Украинаның "Азаматтық еркіндік орталығы" құқық қорғау ұйымдарына берілді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Бейбітшілік сыйлығының лауреаттары - өз елдеріндегі азаматтық қоғам өкілдері. Олар ұзақ жылдар бойы билікті сынау құқығына дем беріп, азаматтардың негізгі құқықтарын қорғады. Әскери қылмыстар мен адам құқығын таптау және билікті асыра пайдалану жайттарын құжатқа түсіруге көп күш салды. Олар бірігіп азаматтық қоғамның бейбітшілік пен демократия үшін маңыздылығын көрсетеді" деп мәлімдеді норвегиялық Нобель комитеті.

Былтыр ресейлік "Новая газета" бас редакторы Дмитрий Муратов пен филиппиндік журналист Мария Ресса осы сыйлықтың лауреаты атанған.

Муратов қаржылай сыйақының бір бөлігін – шамамен 40,2 млн рубльді ресейлік қайырымдылық қорларына, бір бөлігін Ресейдегі журналистердің жағдайы туралы деректі фильм түсіруге жұмсаған. Бұған қоса "Новая газета" қызметкерлеріне сыйақы ретінде де үлестірген. Журналист биыл маусымда Нобель медалін АҚШ аукционында 103,5 млн долларға сатқан, қаржыны Ресей басқыншылығынан қашқан украиналық балалар мен олардың отбасына көмек ретінде жіберуге уәде берген.

Бейбітшілік сыйлығы Альфред Нобельдің өсиетіне сәйкес, "үлкен жетістікке жеткен немесе халықтарды біріктіруде және армиялар санын азайтуда, сондай-ақ бейбітшілік конгрестерін өткізуде және оларға назар аударуда басқаларға қарағанда көбірек қызмет еткен адамға" беріледі.

Биыл лауреат өзінің жеке бейнесі бар медаль, диплом және 10 миллион швед кроны көлемінде ақшалай сыйақы алады.

2022 жылы бейбітшілік сыйлығына 251 жеке тұлға мен 92 ұйым өтініш берген, жалпы саны - 343 үміткер. Рекорд 2016 жылы 376 үміткер болған кезде тіркелген еді. Биылғы көрсеткіш екінші орында тұр.

Айта кетейік, Нобель сыйлығы алғаш рет 1901 жылы табысталған. 120 жыл ішінде сыйлық 109 адам мен 25 ұйымға табысталды. Лауреаттар арасында 18 әйел бар, ең жасы – 2014 жылы лауреат атанған 17 жастағы пәкістандық Малала Юсуфзай. Ал, Халықаралық Қызыл крест ұйымы Нобельдің Бейбітшілік сыйлығын үш рет иеленген.