19 қаз, 2021 сағат 19:38

Бес жылда қаржы пирамидаларының үстінен 600-ден астам қылмыстық іс қозғалған


ҚР Бас прокуроры Ғизат Нұрдәулетовтің айтуынша, кейінгі 5 жылда қаржы пирамидаларының үстінен 600-ден астам қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Құқық қорғау органдары қаржы алаяқтығына қатысы бар фактілерді анықтау және жолын кесу бойынша тұрақты жұмыс жүргізіп отыр. 

Соңғы 5 жылда Қылмыстық кодекстің 217-бабы (қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде 618 материал тіркелген. 

2019 жылмен салыстырғанда былтыр осы санат бойынша тіркелген қылмыстар саны 7 есе өсті. Бұл қаржы пирамидаларының қызметін тоқтату бойынша жұмыстардың жанданғанын көрсетеді», - деп жазды Ғизат Нұрдәулетов Мәжіліс өкілдерінің депутаттық сауалына берген жауабында. 

Оның мәліметі бойынша, биылғы 9 айда қылмыстық қудалау органдарының өндірісінде қаржы пирамидалары бойынша 380 қылмыстық іс қаралған. 

Оның ішінде 212 іс сотқа жолданса, 2 іс негіздеменің жоқтығынан қысқартылған.