Коронавирус жұқтырып алған ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің денсаулығы жақсарып, ауруханадан шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Иә, бүгін ауруханадан шықтым. Медициналық қорытындыда денсаулығымның жақсарғаны жазылған. Дәрігерлер коронавирус инфекциясының ауыр түрі деген диагноз қойған еді. Екіжақты полисегменттік пневманиямен 5 күн бойы реанимация бөлімшесінде жаттым. Қазір үйге шыққаныммен қатаң карантиндік бақылауда боламын. Дәрігерлер де денсаулығымды жіті қадағалап отырады. Отбасыммен де байланысты барынша азайтуға тура келеді», - деді Берік Уәли.
ҚР Президентінің баспасөз хатшысы алдағы уақытта да қашықтан жұмыс істей беретіндігін айта келе, коронавирус індетімен күресіп жүрген, оның ішінде өзін емдеген дәрігерлерге, жалпы медицина қызметкерлеріне шынайы ризашылығын білдіріп өтті.
«Өздеріңіз де білесіздер, кеше ғана Медицина қызметкерлері күнін атап өттік. Осы орайда олардың нағыз батыр екендігін атап өтсем деймін. Олардың көпшілігі бірнеше ай бойы отбасын да көрген жоқ. Күні-түні коронавирус инфекциясымен күресіп жатыр. Сондықтан оларға шынайы ризашылығымды білдіремін», - деді Берік Уәли.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли 6 маусымда коронавирус жұқтырып алғандығын әлеуметтік желіде жазған еді.