16 қар, 2016 сағат 15:46

Берекелі бірлік, ырысты ынтымақ

Кеңес Одағы кезінде түп-тұқияны қалың болса да оқулығы жұқа Қазақстанның шын тарихына жақсы бойлай алмадық. Шынтуайтына келгенде, салқар даласы айналасындағы анталағандардың көз құрты болған халқымыздың тағдыры атақты Жұбан ақынның «Біз, қазақ, мың өліп, мың тірілген» деген жалғыз ауыз сөзіне сыйып тұрғандай көрінеді. Талай рет жер бетінен құрып кетудің аз-ақ алдында болдық. 1915 жылғы санақ өлшемімен есептегенде, бүгінде 40-45 млн болып ормандай ұйысып отыруға тиіс қазақ Тәуелсіздік алғанда ғана еңсесін тіктеді.

Қазақстан әлемдік өркениет санасатын, олардың қатарында нық тұратын мемлекетке айналды. Әрине, әуелі Алла, содан соң Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында осынау биікке көтерілдік.

Иә, Тәуелсіздік оңай келген жоқ. Елбасымыз айтқандай, енді оны сақ­тап қалу үшін бір кісідей жұмылып еңбекте­нуі­­міз керек. Тәуелсіздік бізге не берді? 25 жылда қандай жетістіктерге жет­тік? Оң­түстік Қазақстан облы­сы­­­ның тумасы болғандықтан, осын­да болған барлық жаңалық, өзге­рістер көз алдымызда өтті. Тәу­елсіздіктің тәтті жемісінің баға­сын білу үшін өзіміз жақсы біле­тін аймақтың 1991 жылдан бергі жағдайын таразыға салып, сараптама жасап көрдік.

Уақыт пен тарих кеңістігіндегі өл­шем­мен 25 жыл деген аз ғана мерзім болғанымен, елі­міз осы кезең ішінде талай бе­ле­с­терді ба­ғындыра білді. Ірі эконо­ми­калық, саяси және әлеуметтік жетіс­тік­терге қол жеткізді. Бәрімізге белгілі, егемендік алған 90-шы жылдары ел экономикасы тұралап, тығырыққа тіреліп тұрған кез бо­латын. Барлық өңірлермен қатар Оңтүстік Қазақстан да ауыр сәттерді бастан кешірді. Бұл электр энергиясы, газ, ауыз су, жылу берілместен, халықты әбден қажытқан жылдар еді. Ұлттық валютамыз қолданысқа енген 1993 жылы облыстың бюджеті 379,9 млн теңгені құраған болса, биылғы жы­лы ол 559 034,9 млн теңгені құрап, 1471 есе көбейді. 1993 жылғы облыстың бюджетінде әлеуметтік салаға 220,9 млн теңге көзделген болса, биылғы жылы ол 362 737, 5 млн теңгені құрап, 1642 есе артты. Бүгінде әлеуметтік са­лаға бағытталатын қаржы облыс бюджетінің 65 пайызын алып отыр. Облыс бюджетінде 2005 жылға дейін бюджеттік даму бағдарламаларына қаражат көзделмеген. 2005 жылы бюд­жет­тік даму бағдар­ла­маларына 51 596,3 теңге көзделсе, биылғы жы­лы 111 162,1 теңге бөлінді.

25 жыл ішінде еліміз жедел қарқынмен дамып, әлемдік экономикалық аренада өзін танытып, мойындата білді. Соның ішінде біздің Оңтүстік Қазақстан өңірінде де экономиканың барлық салаларында айтарлықтай же­тіс­тіктерге қол жеткізілді. Облы­сы­мызда өнеркәсіп саласы қар­қынды дамып келеді, олай дейтініміз, 25 жыл ішінде жалпы өңірлік өнімдегі өнеркәсіптің үлесі 15 пайыздан 28 пайызға дейін өсті. Өңіріміз индустриялық аймаққа айналды. Құрылыс индус­триясында республикада алғашқы тампонажды цемент өндіретін «Стандарт Цемент» ЖШС, мақта өсіруден бастап да­йын бұйымдарды шығаруға дейінгі циклді жүзеге асыратын, еуропалық жабдықтармен жабдықталған «AZALA Textile» фабрикасы, ТМД елдерінде баламасы жоқ, жылына 70 млн дана өте сирек вакуумды түтік шыны шығаратын «Эко-Фарм Интернейшнл» ЖШС, заманауи технологияларды қолдана отырып кілем шығаратын «Бал-Текстиль» және «Назар-Текстиль» фабрикалары, бұдан басқа да ірі кәсіпорындар ашылды.

1991 жылы облысымызда білім саласына 895 млн теңге қар­жы қаралса, қазіргі таң­да 230 млрд теңге бөлініп, 229,1 млрд теңгеге арт­ты. Оңтүстік Қазақстан облы­сын­­да тәуелсіздіктің алғашқы жылдарын­да 652 мектепке дейінгі білім беру ны­саны болса, «оңтайландыру» жылдары балабақшалардың 84,5 пайы­зы жеке­шелендірілді, балабақша ғи­ма­рат­тарының бір бөлігі қараусыз қа­лып, қи­ратылды. Сол кезеңде об­лыста 91 балабақша ғана жұ­мыс істеді.

25 жылда облыста жаңадан 1491 балабақша ашылды. Бүгінгі күні мектепке дейінгі ұйымдар желісі 1582-ге жетіп, онда 170,6 мың бала тәрбиеленіп, қам­ту көрсеткіші 83,3 пайызды құрады. Облы­сы­мыз­да 1991 жылы 965 мектеп, ал онда оқи­тын балалар саны 437 901 болса, қазіргі таңда жалпы мектептердің желісі 1022-ні құрап, ондағы оқушылар саны 612 499 оқушыға жетті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда мектептер саны 6 пайызға, оның ішінде орта мектептер саны – 21,2 пайызға, оқушылар саны 29 пайызға өсті. Жаңа үлгідегі жалпы 444 мектеп, 31 қосымша құрылыс салын­ды, 13 мектепте қайта құру жұмыстары жүргізілді.

90-шы жылдары еліміздің нарықтық экономикаға өтуі­не, қаржыландырудың жеткілік­сіздігіне байланысты, денсаулық сақ­тау саласының жағдайы нашар­ла­ды. Осы кезде медициналық пункттер, ауылдық дәрігерлік амбу­латориялар және басқа да медициналық мекемелер жабылып, облыстық, қалалық және аудандық ауруханалардың қуаты азайды, бұл өз кезегінде халыққа қызмет көрсетудің сапасына кері әсерін тигізді.

Әйтсе де, жаңа саяси реформалар мен қабылданған мемлекеттік бағ­дарламаларды іске асырудың нәтиже­сінде ел экономикасы жақсарды, денсаулық сақтау бюд­жеті 1850 есеге артып, 1991 жылы 50,8 млн теңгеден 2015 жылы 93,9 млрд теңгеге көбейді. Бүгін­гі таң­да облыстың медицина ұйым­дарының жабдықталуы 25,3 пайыздан 65,6 пайызға дейін өсіп отыр. Ширек ғасыр ішінде денсаулық сақтау саласында 349 жаңа нысан салынды. Соның көбісі заманауи алдыңғы қатарлы медициналық құралдармен жабдықталды. Бұл біздің медицина қызметкерлерінің жүрек, ағза ауыстыру бойынша күрделі оталарды жасауына мүмкіндік берді. Облыс халқының жалпы өлім-жітім көрсеткіші 22,6 пайызға төмендеді. Сәбилер өлім-жітімі 1000 жаңа туған балаға шаққанда 1991 жылы 30,8-ден 2015 жылы 11,1-ге дейін 3 есе, ана өлімі 1991-2015 жылдары 79,8-ден 11,4-ке дейін, яғни 85,7 пайызға төмендеді.

Егемендік алғаннан бері өңір халқы 50 пайызға өсті және 2,8 млн адамды құрады. Жұмыссыздық деңгейі 14,3 пайыздан 5,2 пайызға төмендеді, табысы төмен халықтың үлесі 2000 жылы 52,8 пайыздан 2016 жылы 5,2 пайызға дейін немесе 10 есеге, табысы кедейлік шегінен тө­мен өмір сүретін адамдардың саны 2000 жылы 13,7 пайыздан 2016 жылы 0,03 пайызға дейін төмен­деді. Жұмыспен қамтылған ха­лық­тың саны 62 пайызға өсті. Осы мерзім ішінде 402 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Мұқтаж азаматтарға әлеуметтік көмек көрсетуге мемлекет тарапынан бөлінген қаржы 1993 жылы 35,0 млн теңгеден 2016 жылы 5,0 млрд теңгеге дейін артты.

Оңтүстік өңірі үшін ауыл шаруашылығы саласы негізгі сала екені белгілі. Агро­өнеркәсіп кешенін реформа­лау 1991 жылы басталған бола­тын. 1992-1994 жылдары на­ры­қ­тық қатынастарға кө­шу­­дің ауыртпалығы ауыл шаруа­шы­лығы саласын да тыс қалдырған жоқ. Осының әсерінен ауыл шаруашылығы саласының көр­сет­­кіш­тері 1996-1997 жылдары анағұрлым төмендеді. 1999 жыл­дан бастап ауыл өмірінде түбе­гейлі өзгерістер және оны қар­жы­лық сауықтыру басталды. Әрбір ауылда жұмыс істейтін адамға мүліктік пайы мен шартты жер үлесіне құқық беретін куәлік беру арқылы ұжымдық меншік қа­лыптасып,  шаруашылық жүргізу түрін дербес таңдау мүмкіндігіне ие болды.

2016-10-24-photo-00000003Ауылды реформалау бас­тал­­ғалы бері азаматтардың көз­қа­ра­сы өзгеріп, олар нарық­тық экономиканың жағдай­ла­р­ына көндіге бастады. Ауыл шаруашылығы өндірісі мәселе­лерін дербес шешетін нағыз жер иесі пайда болды. Өздерінің пайлары мен үлестерін алған жаңа меншік иелері дербес шаруа қо­жалықтарын құрып, қалау­ларымен өндірістік кооперативтерге, акционерлік қоғамдарға және түрлі серіктестіктерге бірікті. Нәтижесінде, 1999 жыл­дың аяғында бұрынғы 182 ұжым­­шар-кеңшар және мем­ле­кеттік шаруашылықтар базасында жекеменшікке негіз­делген 20,0 мыңнан астам ауыл шаруашылығы құрылымы пайда болды. Бүгінгі күнге олардың саны 70,0 мыңнан асты. Бұл басқа өңірлерге қарағанда ең жоғары көрсеткіш.

Егін шаруашылығы бойын­ша жүргі­зі­лген жүйелі әртарап­тандырудың арқасында 1991 жылмен салыстырғанда майлы да­қыл­дардың егіс көлемі 73,0 мың га, бақша 49,0 мың га, көкөніс 27,0 мың га, картоп 9,0 мың га артып, егіс көлемімен қатар алын­ған өнім көлемі де еселенді. 1991 жылы облыста 163,4 мың тонна көкөніс, 127,0 мың тонна бақша өнімдері, 50 мың тонна картоп өндірілсе, биылғы жылы 913,0 мың тонна көкөніс, 1379,0 мың тонна бақша дақылдары, 260,0 мың тонна картоп жиналды.

Өңірде егіс көлемін ұлғайту, иесіз жер­лер­ді игеру, заманауи технологиямен тамшылатып суару әдісін кеңінен ен­гізу, жылыжайлар салу, бау-бақшаларды кө­бейту, мал басын асылдандыру бо­йынша ай­тарлықтай жұмыстар жүргізілді. 1991 жы­лы жеміс-жидек және жүзімнен 60,9 мың тонна өнім алынған болса, биыл өнім­ділігі жоғары 2100 га интенсивті баулар есебінен 198,0 мың тонна өнім жинау кү­ті­луде. Сонымен қатар, биыл 470 мың тонна астық жиналды. Бұл Тәуелсіздік кезеңіндегі ең үлкен рекордтық көрсеткіш. Республика халқын қыс және ерте көктем мерзімдерінде сапалы көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында жылыжайлар салу ісі қолға алынып, бүгінде олардың көлемі 1 112 га жетті, бұл республикадағы барлық жылыжайлардың 87 пайызын құрайды. Осы жылыжайларда Сарыағаш, Қазығұрт аудандарында басқа өнімдермен бірге алғаш рет цитрус тұқымдас лимон өсіру қолға алынды.

Облысымыз республикада мақта өсі­ретін бірегей өңір болып табылады. Әдетте, мақтадан ор­та­ша есеппен гектарынан 26-27 центнер өнім алынса, те­рең қопсыту технологиясын пайдаланудың арқасында 40-45 центнер өнім жиналды. 1991 жылы 213 мың тонна мақта алын­ған болса, ағымдағы жылы 277,0 мың тонна мақта жинау күтілуде.

Мал шаруашылығы бойынша 1991 жылмен салыстырғанда ірі қара мал саны 1,7 есеге – 464,3 мың бастан 778,4 мың басқа, жылқы саны 2,3 есеге – 91,1 мың бас­тан 207 мың басқа, түйе саны 23 пайызға – 17,8 мың бастан 21,9 мың басқа артып отыр. Ет өндіру тірі салмақта 1,8 есеге – 107,8 мың тоннадан 202,4 мың тоннаға, сүт өндіру 1,6 есеге – 436,4 мың тоннадан 710,6 мың тоннаға артты.

Құрылыс саласында да үлкен жетіс­т­іктерге қол жеткізілді. Ны­сандар құры­лысын жүргізуге мем­л­екеттік бюджеттен бөлінген қар­жы көлемі 1993 жылы 9,3 млн теңге болса, 2010 жылға дейін 122,0 млрд теңгені құрады. Ал 2011-2015 жылдар ара­лығында мемлекеттік бюджет­тен 233,2 млрд теңге қаралып, толығымен игерілді. Осы жылдар ішінде әлеуметтік қамту саласында – 8 нысан, спорт саласында – 22 нысан, мәдениет саласында – 22, мемлекеттік органдар үшін – 20 және өзге де 127 нысанның құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Облысымызда 25 жыл ішінде 8,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 100 мыңнан астам отбасы баспаналы болды. 1991-1999 жылдар аралығында автомобиль жолдарының жағдайы көбінесе ағымдағы жөндеу жұ­мыс­тары есебінен күтіп ұсталған. Автомобиль жолдарын салуға және қайта жаңартуға мүлдем қаражат бөлінбеген болатын. 2000-2015 жылдары облыс жол­дарына 151,0 млрд теңге бөлі­ніп, 9 176,5 шақырым жолдың құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 45 көпірдің құрылысы және 100 көпірдің жөндеу жұмыстары жү­зе­ге асырылды. Сонымен қа­тар, облысымызда ғасыр құ­ры­лысы деп танылған ау­қымды жоба – Көксарай су ретте­гіші салынды. Көксарай су реттегіші тұр­ғындарды Сырда­рияның тасуы­нан құтқарып, Оңтүстік Қазақстан мен Қызыл­орда облыстарының ауыл шаруа­шы­лы­ғын дамытуға жақсы мүмкіндік берді. Бүгінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік көлік дәлізінің құрылысы жүргізілуде.

Еліміз тәуелсіздік алған 25 жыл ішін­де­ 847 елді мекеннің 268-і (31,6 пайыз),
1 608 989 тұрғын (57,2 пайыз) табиғи газбен қамтылған. Іске асырылған салалық бағдар­ла­малардың нәтижесінде орта­лық­тандырылған сумен қала­лар­да – 91,7 пайыз, ауылды елді м­е­кен­дер­де – 71,1 пайыз, газбен 57,2 пайыз тұрғын қамтылды.

Ал енді сонау нәубет жылдары тарыдай шашырап кеткен бауырларымыздың ата-баба­лары­ның кіндік қаны тамған ту­ған жерге оралып жатқаны да еліміздің егемен­дігінің айғағы, өйткені тек тәуел­сіз мемлекет қана өз аза­мат­тарының құқық­тары мен бос­тандықтарының іске асырылуы мен қорғалуына кепілдік бере алады.

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев өңір­дің­ алға өрлеуіне алғышарттар дайын­дап, әр аудан, қаланың даму жоспарын жіті қада­ғалап, Елбасының тапсырмаларының уа­қытында орындалуына күш са­лып ке­леді. Индустриялық аймақ­тарда жұ­мыс жандана бас­тады. Өңір басшысы елімізді көкөніс, жеміс-жидекпен қамтуда оңтүстіктің әлеуеті жететіндігін айтып, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік салаларына инвестиция салуға ықыласты шетелдік инвесторларды тартып жатыр. Өңір аграрлық болғандықтан, басты бас­тама – ауыл тұрғын­да­рын жұмыспен қам­ту үшін жеке шаруашылықтарды бі­рік­ті­ріп, ауыл шаруашылығы коопе­ра­тив­терін құруға күш салуда. Аз жылда осы жұ­мыс­тар жақсы жемісін беруге тиіс.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Мем­ле­кет басшысы: «Біз – бір ұлтпыз! Біз – бір­ халықпыз! Бір елміз! Осыны сақтап қал­сақ, он жылдан кейін Қазақстан бүгінгі қиын­шы­лықтың бәрінен арылып, жыл сайын ал­ға адымдап басатын жолға түседі», деген еді. Осы оймақтай ой уақыт өте өмір шын­дығына айналды. Елдің берекелі бірлігі мен ырысты ынтымағын баянды ету бағытында Елбасының бастамасымен Қа­зақстан халқы Ассамблеясы сияқты үй­лестіруші беделді институт құрылды. Ке­зінде тағдырдың жазуымен қазақтың кең даласына қоныс тепкен сан түрлі этнос өкілдері бүгінде теңдігі бір, жаны бір, мұ­рат-мақсаты ортақ біртұтас халыққа айналды. Елбасымыз Нұрсұлтан  Назарбаев айқындаған қоғамдық келісім мен ел бір­лі­гінің қазақстандық моделі уақыт сыны­нан өтіп, тарихпен дәлелденген, әлем мойын­даған үлгіге айналды.

АҚШ-тың бұрынғы прези­денті Джо­рдж­ Буштан КСРО тарап, тәуелсіз мем­­лекеттер бө­лін­ген кезде журналистер: «Осы жас мемлекеттер басшы­ларының ішінен кім сенімді басшы бола алады?» деп сұрапты, Ол қысқа ғана: «Назарбаев. Ол бо­лашақты алдын ала болжай алады», деп жауап қайтарған екен. Академик Серік Қирабаев «Егемен Қазақстан» газетіне жаз­ған мақаласында осы деректі келтірген.

Әлемдік санаттағы дарабоз сая­сат­кер­лердің бірегейі үлкен Буш ойға мың то­қымай пікір айтатын адам емес. АҚШ-тың­ бұрынғы президентінің айтқаны айдай­ кел­генін бүкіл дүниежүзі көріп отыр. Күні кеше ғана өз елі, өз жерінде есік көзін­де отыр­ған қазақ бүгінде Елбасының арқа­сында әлемдік аренада төрде отыратын жағ­дайларға жетті. Осының бәрі ата-баба­мыз армандап өткен Тәуелсіздігіміздің жемісі.

Тәуелсіз Қазақстан дамуының 25 жыл­­­дық тарихы еліміздің Тұңғыш Пре­зи­денті Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев­тың еңбе­гі­­мен етене байланысты. Ел­ба­сы­мыздың салиқалы сая­са­ты­­ның арқа­­­сында бүгінгі тәуел­сіз Қазақстан әлем­­дік қауым­дастықтың ықпалды мү­ше­сіне айналып отыр. Дербес мемлекет ретін­де қол жеткізген жарқын жеңістеріміз ре­тін­де кеңестік кезеңнен кейінгі ТМД елдері арасында Қазақстанның алғаш­қы болып Еуропадағы қауіпсіздік және ынты­мақ­тастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық етуін, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңе­сінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануын, Ислам ынтымақтастығы ұйымына төрағалық етуін, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің Астана қаласында өткізілетінін атап өтуге болады.

Тәуелсіздігіміздің 25 жылы ішінде елі­міздің осынау биік белестерді ба­ғын­дырып, қол жеткізген қомақты жетіс­тік­терінде әрбір қазақстандық азаматтың же­ке үлесінің бар екендігін ерекше атап өткім келеді және Мәңгілік Ел болып қалуы үшін барша қазақстандықтар жұмы­лып, ұлы мұрат жолында тынымсыз еңбек етуі қа­жет. Еліміз мәңгілік, Тәуелсіздігіміз баянды болғай.

Әбілқасым ДОСБОЛОВ,

Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты