Бельгияның ақпарат құралдарының хабарлауынша, Бельгия прокуратурасы қазақстандық "Astana Pro Team" командасының велошабандозы Александр Винокуров пен ресейлік Александр Колобневті алты айға бас бостандығынан айыруды сұраған.
Бұл екі спортшыға 2010 жылы сәуір айында болған "Льеж – Бастонь – Льеж" веложарысы кезінде "сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады" деген айып тағылған.
Бельгиялық RTBF.be сайтының жазуынша, прокуратура өкілдері Александр Винокуровты "жеңіске таласпауы үшін Колобневке 150 мың еуро берген" деп айыптайды. Олар спортшылардың өзара алмасқан электронды хаттарына сүйенеді. Прокуратура бұған қоса, Винокуровтың 2010 жылы шілде мен желтоқсан айлары аралығында 100 мың және 50 мың еуро аралығында ақша аударғаны туралы банк анықтамасын дәлел ретінде келтіреді.
Ал спортшылардың адвокаттары айыптың негізсіз екенін, прокуратура келтірген деректердің заңсыз жолмен алынғанын (олардың бір бөлігі айыпталушылардың электронды жәшігінен алынған) немесе қолдан ұйымдастырылғанын айтады.
Бельгия прокуратурасы бас бостандығынан айыру жазасынан бөлек, Винокуровқа - 100 мың еуро, Колобневке - 50 мың еуро көлемінде айыппұл салуды сұрап отыр. Бұған қоса, "Колобнев заңсыз жолмен алған 150 мың еуроны" кәмпескелеуді де сұраған.
Сот үкімі Льежде 8 қазанда оқылады.