25 нау, 2023 сағат 12:04

Беларусьте шенеуніктерді өлім жазасына кесу туралы Заң күшіне енді

Фото: Дмитрий Азаров, Коммерсантъ

Сенбі, 25 наурызда Беларусьте мемлекетке опасыздық жасаған шенеуніктер мен әскери қызметкерлерге өлім жазасын қолдану мүмкіндігін қарастыратын заң күшіне енді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты DW сайтына сілтеме жасап.

Заңда лауазымды тұлғаларды мемлекетке опасыздық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту көзделеді.

"Қылмыстық жауапкершілік туралы кодекстерге өзгерістер енгізу туралы" заң жобасын министрлер кеңесі Беларусь Ұлттық жиналысының өкілдер палатасына 2022 жыл қазанның соңында енгізген. 2023 жылдың ақпанының соңында ол Парламентте екі оқылымнан өтіп, одан кейін Республика Кеңесі мақұлдады.

Беларусь президенті Александр Лукашенко құжатқа 9 наурызда қол қойды, ал заң 14 наурызда Беларусьтің Ұлттық құқықтық интернет-порталында жарияланды. Құжатта оның ресми жарияланғаннан кейін он күн өткен соң қолданысқа енетіні көрсетілген.

Заң мемлекеттік қызметтегі барлық адамдарға қатысты екені және осы заң аясында өмір бойына бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасын қолдану қарастырылатыны айтылған.