04 қаң, 2020 сағат 02:43

Беларусь Ресейден мұнай тасымалдауды тоқтатты

Беларусьтің "Нафтан" және "Мозырский" мұнай өңдеу зауыттары 1 қаңтардан бастап Ресейден шикізат әкелуді тоқтатқанын хабарлады. Бұл ақпаратты Азаттықтың Беларусь қызметі таратты.

Мәскеу мен Минск әлі күнге дейін тасымалданатын мұнай бағасы, Беларусь аумағы арқылы өтетін шикізат транзитінің тарифі және Ресейдің салық жүйесіндегі өзгерістерге байланысты шығынға батқан Беларусьтің мұнай өңдеу зауыттарына өтемақы төлеу мәселесі бойынша келісімге келе алмай отыр.

Мұнай өңдеу зауыттары 1 қаңтардан бастап Ресей шикізатын тасымалдауды толық тоқтатқанын, мұнай компанияларымен жаңа келісім болмағанын айтты. "Нафтан" мен "Мозырский" өткен жылдан қалған өнімдермен жұмыс істеп жатыр.

"Белнефтехим" өкілі "Интерфакс" агенттігіне тасымалдаудың тоқтағанын растап, зауыттардың жүктемесі азайғанын айтты. Ресейлік оператор "Транснефть" өкілдері қазіргі кезде Беларуське мұнай тасымалдау бойынша өтініш түспегенін жеткізді. Бірақ олардың айтуынша, Беларусь арқылы транзитке шектеу жоқ.

Минскіге мұнай тасымалдау бойынша келісім мерзімі 1 қаңтарда аяқталған. Алайда тараптар тасымалдау шарттары бойынша келісімге келе алмаған. Сарапшылардың айтуынша, Беларусь бағаны арзандатуды сұраса, Ресей мұнымен келіспейді. Минск шикізат тасымалдаудың балама жолдарын іздейтінін мәлімдеген.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков әзірге Минскімен келісім жасалған жоқ, бірақ диалог әрі қарай да жалғаса береді деді.