18 мау, 2024 сағат 15:46

Бектенов облыс орталықтарындағы мобильді байланысты жақсартуға 3 ай уақыт берді

Сурет: ҚР Үкіметі

Облыс орталықтарындағы мобильді байланыс қызметтері нашар жерлерді анықтау қажет. Бұл туралы Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты.

«Цифрландыру саласындағы көрсеткіштеріміз жалпы жаман емес. Әсіресе мемлекеттік және банктік электрондық қызметтер көрсету саласын атап өтуге болады. Біз алдағы уақытта да Қазақстанның жаһандық цифрлық әлемнің белсенді қатысушысы ретінде қалыптасуы үшін шаралар қабылдайтын боламыз. Ол үшін Каспий теңізінің түбімен және еліміздің Батысынан Шығысына дейін талшықты-оптикалық маршрутты жүргізу бойынша ірі жобалар іске асырылуда. Бұл ірі Big Tech-компанияларды тартуға әрі ұсынылатын контенттің деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде тұтастай алғанда, елімізге мультипликативті әсер ететін болады», — деді Олжас Бектенов.


Сондай-ақ Үкімет басшысы 5G байланысын іске қосу сәтті жүзеге асқанын, қазірдің өзінде оны еліміздің 20 қаласында 3 млн-ға жуық адам пайдаланатындығын айтты.

«Мұндай жобалар ұсынылатын байланыс қызметтерінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сондықтан бұл жұмыс бейінді министрліктің ерекше бақылауында болуға тиіс. Осы ретте келесіні атап өткім келеді. Бірінші, Цифрлық даму министрлігі өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, бастапқы кезеңде үш ай мерзім ішінде облыс орталықтары бойынша „ақтаңдақтарды“ анықтау бойынша талдау жүргізіп, мобильді байланыс қызметтерінің сапасын арттыру бойынша нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеу қажет. Содан кейін осы жұмысты барлық елді мекендерде жүргізу керек болады. Бұл жұмыста азаматтардан түсетін өтініштерді міндетті түрде ескеру қажет. Осының көмегімен өңірлердегі „ақтаңдақтарды“ анықтауға болады», — деді Премьер-Министр.


Олжас Бектенов екіншіден, байланыс операторларының лицензиялық міндеттемелерді орындау мәселесін жүйеге келтіру керектігін баса айтты.

«Цифрлық даму министрлігі байланыс операторларымен бірлесіп, жүктелген міндеттемелерге сүйене отырып, екі ай мерзімде жаңа 4G базалық станцияларын орнату, тіркелген интернеттің ескі жабдықтарын ауыстыру жоспарын бекітуі қажет. Үшіншіден, су тасқыны жағдайы кезеңінде бірқатар өңірлерде электрмен жабдықтау және базалық станциялардың ажыратылу проблемаларына орай байланыс үзілген болатын. Цифрлық даму министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, бір ай мерзімде төтенше жағдай кезеңінде спутниктік байланыс жүйелерін пайдалану мүмкіндігі мәселесін қарастыруы керек», — деді Үкімет басшысы.