Екпеден соң коронавирусқа қарсы иммунитет төмендейді, сондықтан ревакцинация қажет. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қаланың бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Спикердің сөзінше, Алматыда әзірге коронавирусқа қарсы жеткілікті ұжымдық иммунитет қалыптасқан жоқ.
«Еске салсақ, ұжымдық иммунитет – инфекцияны тоқтатудың және халықтың бойында дертке қарсы қабілетті қалыптастырудың бірден бір жолы. Вакцинация және ревакцинация инфекцияның алдын алады. Әзірге біз иммундық қабаттың 56%-на жеттік. Бұл ретте тәулік сайын халықтың 0,1%-ы ғана вакцинацияланады. Ұжымдық иммунитеттің осындай қарқынымен кем дегенде 75%-ға біз келесі жылдың мамыр айында ғана қол жеткіземіз», - дейді Жандарбек Бекшин.
Оның айтуынша, қалада коронавирустың таралуы жалғасуда, бұл вакциналанбаған азаматтар үшін ерекше қауіпті. Ол ересектерді одан әрі вакциналау және 12 жастан асқан жасөспірімдерге, жүкті және бала емізетін әйелдерге екпе салу арқылы ұжымдық иммунитетті 80%-ға дейін жеткізу қажеттігін атап өтті.
Алматының бас санитарлық дәрігері вакцинация қарқынын арттырумен қатар, қала тұрғындары ревакцинацияға келугет шақырды.
«Бұл медицинада мүлдем қалыпты құбылыс, өйткені барлық инфекция бір рет ауырғаннан кейін тұрақсыз иммунитет береді. Көптеген вакцинаны салған соң белгілі бір уақыттан кейін қайта егу қажет», - деді ол.
Қалада коронавирусқа қарсы ревакцинация 22 қарашадан басталады. «Ревакцинация өте қажет. Бұл ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға көмектеседі және вирустың одан әрі мутациялануына жол бермейді. Біздің бақылауымыз бойынша, вакцинацияланған антиденелердің деңгейі уақыт өте келе, 6 айдан 9 айға дейін төмендейді, яғни аурудың ықтималдығы артады. Көптеген елдер қазірдің өзінде ревакцинация науқандарын белсенді жүргізуде. Аралық вакцинаны қарт адамдарға қолдану өте маңызды, өйткені Алматыда 60 жастан асқан адамдар арасында вирус жұқтыру 5 пайызға өскені байқалады. Бұл ретте, мектеп оқушыларын вакцинациялау да өте маңызды», - дейді Жандарбек Бекшин.
Алматылық эпидемиологтардың мәліметінше, биыл қалада вакцинаның екі компонентімен егілгеннен кейін 2 680 науқас тіркелген, оның ішінде 360 адам қайта ауырған.