Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин онлайн брифинг барысында «дельта» штамын жұқтырған алғашқы пациенттің жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Үнді штамы анықталған алғашқы пациенттің жағдайы жақсы. Ана мен бала қанағаттанарлық жағдайда ауруханадан шығарылды. Олар енді үйлерінде дәрігерлердің бақылауында болады. Эпидемиологиялық тексеру жүргізілді. Алматылық келіншек үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізген және қаладағы бірнеше құрылыс дүкендерінде болған. Ауруды сол жақтан жұқтырып алды деген болжам бар» - деді Жандарбек Бекшин.
Айта кетейік, Алматыда коронавирус инфекциясының үнді штамы бірінші болып 38 жастағы әйелден анықталды. Кейінірек оның сегіз жастағы баласы да COVID-19-ның осындай түрін жұқтырғаны белгілі болды.
