Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін тоқтату туралы шешімін естігенде қандай сезімде болғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Депутат бұл жаңалықты теледидардан естіген.
"Көзіме жас алдым. Бұл күннің болатынын білетін едік, бірақ мұндай жеделдікті күткен жоқпын. Тағы да өзінің саяси даналығын көрсетті. 30 жыл ел басқарған кезде алдын ешкімге болжатпай, қандай қадам жасайтынын ешкімге білдіртпей келген осы бір керемет шебер қалпында келіп, шебер қалпында тағын ұсынды ғой", - деді Тілеухан парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Мәжілісмен қимастық сезімі басымырақ екенін ашық айтты.
"Тәуелсіз ел болғанда 25-тегі жас жігіт едік, қазір 53-ке бет алған жігіт ағасы болып қалдық. Осы кезең қазақтың аузынан ақ май аққан ең бір бақытты кезеңінің қалаушысы, өз қолымен тәуелсіздіктің кірпішін қалаған Ұлы адамның өз тағын ысырып беруі, сол елдің биігіне қыран сияқты ұшып келіп, сол тақтан одан да жоғары, қыран сияқты шыңға қарай беттеген тұлға үшін мақтаныш сезімі де бар, бірақ қимастық сезімі басымырақ болып отыр", - деп ағынан жарылды депутат.
Ол президент сайлауы болғанда, Қазақстанды кім басқаратынын халықтың өзі шешетінін атап өтті.
Сондайқ-ақ, Бекболат Қанайұлы Астананың атауын Нұрсұлтан деп өзгерту тарихи және әділ шешім деп санайтынын айтты.
"Мен өзімді қашаннан бері Нұрсұлтан қаласының тұрғыны ретінде сезініп жүргенмін. Жалпы бұл тарихи және өте әділ шешім. Біз заңға бағынған саясаттың адамымыз. Әрине, заң бойынша, ішкі ережеміз бойынша жүруді міндет деп есептеймін", - деді Тілеухан парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін.
Депутат Тоқаевтың жасаған барлық ұсынысы ақылға қонымды екенін атап өтті.
"Елбасы қандай құрмет жасасақ та, оған лайық деп білемін. Елбасының бағытын қашаннан бері қолдаған әріптес ретінде, қазақ баласы ретінде мұны қолдаймын", - деді ол.
Тілеухан елдің жаңа басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына берген антына берік болатынына күмән келтірмейтінін айтты.
"Ол Нұрсұлтан салған жолдан таймай, әлем алдында Қазақстанның беделін түсірмей, осы бағыт-бағдарды әрі қарай стратегиялық түрде алып жүретінін айтып, ант берді. Сөз жоқ сенемін, бұл кісінің тұлғасын айқындаған, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуында өзінің айрықша рөлі бар саяси тұлға екені бәрімізге аян. Сондықтан антына, уәдесіне берік болатынына күмәнім жоқ", - деді Тілеухан.