19 қыр, 2018 сағат 11:00

Бекболат Тілеухан: Қазақ көрермені - аш

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Кинематография туралы» Қазақстан Республикасы Заңы жобасының бірінші оқылымында сөз сөйлеген депутат Бекболат Тілеухан отандық фильмдер түсіруге қолайлы жағдай жасап, көрерменге өз өнімдерімізді көптеп ұсынатын сәт келгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Кинематография туралы заң еліміздің мәдениетіне, өнеріне, идеологиясына ғана емес, қала берді, экономикасына да айтарлықтай ықпалы болғандықтан, ел өмірі, ұлт тағдырына бей-жай қарай алмайтын кез-келген азамат үшін бұл маңызды құжат. Енді, «Кинематография туралы заң» дегенде, алдымен ұлттық кино және оны прокаттау жүйесі ойымызға оралады. Киноның төңірегінде кешенді мәселе жетерлік. Бірақ, түйіткілді жағдайлар осы заң жобасында шешімін тапқан. Әбден ийі қанып қарастырылған заңдардың бірі болды. Өйткені, бұған қоғамда осы салаға қатысы бар адамдардың біразы қатысты. Заң жобасының экономикалық ықпалы жайында айтар болсақ, елімізге жыл сайын орта есеппен 300 тарта шетелдік өнім кіреді екен. Ал өзіміз өндіріп отырған туындылардың көлемі осының 10 пайызы шамасында ғана. Яғни, 30-40 фильм. Бұл да болса соңғы жылдарда жетіп отырған меже емес. Ол фильмдердің 20% Қазақфильмнің, қалған 80% - жекеменшік студиялардың туындылары. Демек, бізде жекеменшік студиялардың әлеуеті бар. Оларға мемлекет тарапынан қаржылық қолдау қарастырылып, прокат мәселесі шешілетін болса, отандық фильмдер лап ете қалғалы тұр», - деді депутат.

Ол «Кинематография туралы» заң жүйесі сол фильмдерді көрерменге еркін жеткізу жүйесін жасап беру үшін әзірленіп отырған дүние екенін атап өтті.

«Бізде прокаттық компаниялар көп жағдайда қазақ киностудиясына көз жұма қарайтыны жасырын емес. Сонда келтіріп отырған аргументтерінің көбі голливудтық стандартқа сай емес, жарық, дыбыс сияқты компоненттер. Бокс-офистің 40% құраған «Бизнес по-казахски» атты отандық туынды болды. Сапалы, жақсы, стандартқа сай шығар. Бірақ, бұл күллі қазақ киносының көрсеткіші емес, бұл - бір ғана факт. Енді бір кино табысты болды деп, қазақ киносын голливудтық бәсекеге жібере салуға болмайды. Отандық кино мемлекеттің қамқорлығында, қарауында болуы керек. Оны «Қазақфильм» өндіре ме, жекеменшік киностудия өндіре ме, бәрібір. Кейде бокс-офистің көрсеткіші, жалпы, прокаттағы отандық фильмдердің беталысы қандай болатынын біз білмейміз. Яғни, бізге отандық өнімдерге қатысты нақты жүйелі болжам, анализ керек, ақпараттық жүйе керек», - деп айтты Бекболат Тілеухан.

Депутаттың айтуынша, аталған заңмен мониторинг жүргізетін дәл осындай ақпараттық жүйе құруды көзделіп отыр.

«Жалпы, қазақ көрермені - аш. Ол өз өнімдерімізді көргісі келеді. Ұлттық кино, ұлттық мәдениет тұрған жерде кей дүниелер ысырылып, оған орын беруі керек деп сұрау, оның еш сөкеттігі жоқ. Осы заң жобасы қазақ киносын прокат тұрғысынан алғанда әр көрерменіне жеткізу үшін тетік болады деп санаймын. Ол үшін қажетті басты нормалар бекітілген. Бір-екі жерде Оңтүстік Корея мен Францияның тәжірибелерін ұсынғандар болды. Бірақ, Махамбет айтпақшы, «балпаң-балпаң кім баспас, басарға балтыр шыдаса» дегендей, кейбір нәрселер уақыт пен мүмкіндіктер жетпей отырғандықтан, кейінгі күндердің еншісіне қалды», - деген депутат бүгінгі күні қазақ кинематографиясы туралы заңның қарауға шығарылып, қабылданып отырғанының өзі кино саласы үшін үлкен бір жетістік екенін айтты.

Еске сала кетсек, ҚР Парламенті Мәжілісінде «Кинематография туралы» Қазақстан Республикасы Заңы жобасының бірінші оқылымында палата төрағасы Нұрлан Нығматулин елдегі фильмдерге «ұлттық» мәртебе беру барысында сұрыптау белгілеріне қатысты пікір білдірді. Ол қазақстандық фильмдердің барлығын сақтау қажеттілігі бар екенін айтты және отандық кинотеатрлардың жұмысын бақылауға алу керектігін жеткізді.

Сондай-ақ Мәжілісте баяндама жасаған ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Қазақфильм» киностудиясының техникалық жабдықталуы төмен екенін мәлімдеді.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатов елімізде балалардың мультфильмдерді тек орысша көріп жүргенін айтып, аталған мәселеге назар аударуды талап етті.