22 қар, 2018 сағат 13:44

Бекболат Тілеухан азаматтық ала алмай жүрген оралмандар мәселесін көтерді

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтан оралмандарға Қазақстан азаматтығын алу тәртібін заң жүзінде жеңілдетуді сұрады, деп хабарлайды Baq.kz агенттігі.

«Партия жетекшісі Елбасының тарихи орны, саяси тұлғасын сомдай түсетін ерекше қадамдарының бірі – атажұртқа қандастарды қайтаруы. «Біз тығырықты тар заманда тарыдай шашылып кеткен қандастарды атамекенге жинаған әлемдегі үш елдің біріміз» деген болатын Елбасымыз. Сонымен Елбасының пәрменімен атажұртқа ағайын ағылды, миллиондай қазақ қара шаңырағына қайырылды. Тарихи отанына біржола көшіп келген азаматтардың саны күннен-күнге өсуде», - деді депутат.

Бекболат Тілеухан оралмандарыдың Қазақстан азаматтығын алуда кейбір мәселелер барын атап өтті.

«Шетелден ертеректе көшіп келіп, Қазақстан азаматтығын алу үшін ең алдымен оралман куәлігін алып, әрі қарай тұрақты тіркелетін үй таба алмай, үй табылса бір кездегі ықтияр хат және азаматтық алуға керекті қисыны бар, қисынсыз құжаттармен сонымен қоса зорға алатын анықтамалардың бәрін жинап болғанша бар болғаны бір жылға берілетін оралман куәлігінің мерзімі өтіп кеткендіктен олар азаматтыққа қабылданбай қалып отыр», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.

Мәжілісмен мұндай қандастардың саны қазір 7000-ға жуықтап қалғанын айты.

«Сондықтан қадірлі Премьер-министр мырза, сіз де оралман куәлігінің мерзімі өтіп кеткен қандастарымызға ең болмаса бір реттік және кемінде жарты жылға осындай мерзімге амнистия жариялап, олардың Қазақстан азаматтығын алуына мүмкіндік беруді өтінеміз. Сондай-ақ азаматтық алу тәртібі заңнама жүзінде барынша жеңілдетілсе дейміз. Алыстан келген ағайынның бір жылдың ішінде азаматтықты алып үлгермеуі себептеріне жақсылап сараптама жасап, анықтап осы мәселені түпкілікті шешуге шара қолдануыңызды сұраймыз», - деді Бекболат Тілеухан.