14 қаң, 2020 сағат 10:00

Bek Air ұшағының қара жәшігіндегі жазбалар оқылды

Bek Air әуекомпаниясының апатқа ұшыраған Fokker-100 ұшағындағы қара жәшіктегі мәліметтерді оқыды, – деп хабарлады  Мемлекетаралық авиация комитеті.

Мемлекетаралық авиация комитеті әуе кеңістігін пайдалану жөніндегі азаматтық авиацияның мемлекетаралық келісіміне сәйкес 2019 жылдың 27 желтоқсанында апатқа ұшыраған Fokker-100 ұшағының тергеу жұмыстарына белсене қатысуда. МАК мамандар тобы алғашқы күннен бері апат болған жерде жұмыс істеуде.

«МАК ғылыми-техникалық орталығында ұшақтағы өздігінен жазылатын рейстің жазбасы (дыбысты және параметрлі), яғни апат болған кезде түскен жазбалары оқылды. Материалдардың барлығы тергеу комиссиясына тапсырылды. Бұл мәліметтердің сараптама нәтижелері оқиғаның қалай болғанын қалпына келтіруге және апаттың салдарын анықтауға мүмкіндік береді» делінген хабарламада.

Тергеу жөніндегі комиссияның шешімі бойынша МАК Нидерланд, Қазақстан және EASA мамандарымен бірігіп ұшудың математикалық моделдеу жұмыстарын бастаған.

Бұған дейін, ҚР премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр Fokker-100 ұшағының апатқа ұшырауына ұшақтың сыртына қатып қалған мұздар себеп болуы мүмкін деген болжам айтқан.