28 жел, 2019 сағат 09:59

Bek Air авиакомпаниясының пайдаланушы және ұшу жарамдылығы сертификаттары тоқтатылды

Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Bek Air авиакомпаниясының пайдаланушы және ұшу жарамдылығы сертификаттарының қолданылуын тоқтатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әуе апатына ұшыраған әуе кемесінің ұшу жарамдылығы куәлігі 2019 жылдың мамырында берілген болатын. Fokker-100 борты 1996 жылдың сәуір айында шығарылған. Қазақстандық регистрда 2016 жылғы 26 тамызда тіркелді (куәлік нөмірі 940).

Bek Air әуекомпаниясында барлығы 10 ұшақ тіркелген. Қазіргі уақытта Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Bek Air әуе компаниясының пайдаланушы және ұшу жарамдылығы сертификаттарының қолданылуын тоқтатты. Bek Air компаниясының пайдаланушы сертификаты ұшу қауіпсіздігі бойынша барлық мәселелер толық шешілгенге дейінгі мерзімге тоқтатылды.

Еске сала кетсек, 27 желтоқсанда Алматыдан Нұр-Сұлтанға бағыт алған Bek Air әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшыраған болатын.

Осы оқиғаға байланысты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 28 желтоқсанын жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.