Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығында болған. Екі бала жақында амбулаториялық емге жіберілді. Бұл туралы Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тілеухан Әбілдаев айтты, - деп хабарлайды Baq.kz.
Әуе апаты кезінде тоғыз бала түрлі жарақатпен стационарлық ем алған. Дәрігерлер екі балаға жоғары технологиялық әдіспен операция жасаған.
Сондай-ақ, қазіргі таңда Алматы стационарында, Алматы көпсалалы ауруханасында және Нұр-Сұлтанда 16 адам ем қабылдап жатыр.
Атап айтар болсақ, №4 қалалық клиникалық ауруханада жеті адам, Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында (ЖШККА) екі адам, қалалық орталық ауруханада екі адам, Алматы көпсалалы ауруханасында екі адам және Нұр-Сұлтан қаласында тағы үш адам емделуде.
Ұшақ апатқа ұшыраған күні ауруханаға 52 науқас жеткізілген, оның 9-ы бала болған.
Естеріңізге сала кетейік, Алматыдан шыққан Bek Air жолаушылар ұшағы құлаған еді. Ұшақ Қызыл ту ауылында апатқа ұшыраған. 7 адам оқиға орнында қаза тапты.
Сонымен қатар, зардап шеккендер мен бортта болған жолаушылар тізімі жарияланды.
Ауруханада тағы бір адам көз жұмып, қаза тапқандардың саны 12 адамға жетті. Сол апатта Informburo.kz редакторы Дана Круглова қайтыс болды. Болған жағдайға байланысты Bek Аir авиакомпаниясының лицензиясы тоқтатылды.
Мемлекет басшысының бұйрығымен 28 желтоқсан еліміз бойынша қаралы күн деп жарияланды.
Ал ұшақ бортындағы экипаждардың есімдері белгілі болды. Бүгін Fokker компаниясы Bek Air ұшағының құлау себептерін анықтау мақсатында Алматыға мамандарды жіберетіні айтылды.