Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің кеңейтілген отырысына қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары - Хатшылық меңгерушісі Л.Прокопенко, Парламент Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдар өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшелері, Ассамблеяның ғылыми-сарапшылық топтары мен кафедраларының жетекшілері, қоғам қайраткерлері, сарапшылар, ғылыми зиялы қауым, этномәдени бірлестіктер өкілдері қатысты.
Гүлшара Әбдіқалықова құттықтау сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Барлық кезеңде де табысқа деген нық сенім мен халықтың бірлігі ғана ел тағдырын шешкен. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында ғана біз ұлы асуларды бағындыра аламыз», - деген сөзіне тоқталды.
Мемлекеттік хатшы әрбір қазақстандықтың жаңғырулар үдерісіне атсалысу сезімін қалыптастыру жолындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін ғылыми-сарапшылық тұрғыдан қолдаудың маңыздылығына, сондай-ақ қоғамдық санаға «Рухани жаңғырудың» біріктіруші әрі жасампаздық әлеуетін терең сіңіру қажеттігіне тоқталды.
- Президент жариялаған Жастар жылы аясында жастарға және отбасы институтына қолдау көрсету ғылыми-сарапшылық жұмыстың маңызды бағыты болуға тиіс, - деді Мемлекеттік хатшы.
Отырыста жүргізілген зерттеулер нәтижелері мен әлеуметтік-демографиялық және этносаралық саладағы 2019-2020 жылдарға арналған ғылыми жұмыстар жоспарлары, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану», «Ұлы дала Елінің киелі мұрасы» жобаларының жүзеге асырылу барысы талқыланды.
Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Дала Әміршілерінің Алтыны» көрмесі мен Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің Сарыарқа археологиялық институтының көрмесі ұйымдастырылды. Ғылыми-сарапшылық кеңес мүшелерінің, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрааралық ғылыми-ағарту орталығының және Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының жаңа ғылыми материалдарының таныстырылымы өтті.