Атырау облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қала базарларында бопсалаушылықпен айналысқан топ мүшелеріне үкім оқылды, деп хабарлайды "Ақ Жайық".
Сот барысында жекпе-жектің әр түрін жақсы меңгерген ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы 2012 жылы Атырауда үш адамнан тұратын топ құрғаны анықталды. Осылайша, бопсалаушылар 8 жыл бойы "Дина" және "Көктем" базарларында Түркістан облысынан келген саудагерлерден алым-салым жинаған.
Бас тартқан жағдайда олар тауардың көзін жойып, соққыға жығып немесе өлтіреміз деп қорқытқан.
Нәтижесінде айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденген. Олар өз іс-әрекеттеріне өкінбеген көрінеді.
Қылмыстық топтың 33 жастағы басшысы 7 жыл 1 айға бас бостандығынан айырылса, тағы екеуіне 7 жылдан жаза тағайындалған. Олар жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді.
Басылымның жазуынша, қылмыстық топтың басшысы жекпе-жек, карате, жауынгерлік самбо, джиу-джитсу және панкратионнан Қазақстан чемпионы. Халықаралық ММА жарыстарында ел намысын қорғаған.
2015 жылдың көктемінде Қытайда өткен турнирде америкалықпен жекпе-жекке шығып, техникалық нокаутпен жеңген. Сонымен бірге ол осы кезеңде Атырау базарларында бопсалаушылықпен айналысып келген.
Еске сала кетсек, өткен жылдың маусым айында еліміздің Ұлттық қауіпсіздік қызметі осы қылмыстық топтың жолын кескенін хабарлаған еді.