21 қар, 2016 сағат 07:58

"Бәйтерек DEVELOPMENT" АҚ басшылары қамауға алынды

"Бәйтерек DEVELOPMENT" АҚ басшылары қамауға алынды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросына сілтеме жасап.

«Астана қ. Алматы аудандық №2 сотының санкциясымен «Бәйтерек  Development» АҚ басқарма төрағасының орынбасары А.Жақыповқа, мемлекеттік-жеке әріптестік дирекциясы департаментінің басшысы Б.Айтымбетовке, бұрынғы және қазіргі басқарушы директорлар Г.Анарбайға Г.Сәриевке, «Project City Group» ЖШС басшылары мен құрылтайшылары  К.Смағұловқа, Б.Есмұхановқа, Е.Жұманазарға және А.Комароваға «тұтқындау» бұлтартпау шарасы тағайындалды», - деп хабарлады Ұлттық бюродан.

Бүгінде, тергеу мәліметінше, "Бәйтерек DEVELOPMENT" АҚ лауазымды тұлғалары құрылыс компанияларынан пара ретінде 288 миллион теңге алған. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Еске сала кетейік, 17 қарашада "Бәйтерек DEVELOPMENT" АҚ басшыларының ұсталғаны хабарланған болатын. Тергеу барысында "Бәйтерек DEVELOPMENT" АҚ лауазымды Жақыпов А. (Басқарма төрағасының орынбасары), Айтымбетов Б. (мемлекеттік-жекеменшік серіктестік дирекциясы департаментінің басшысы) және Сариев Ғ. (басқарушы директор) есімді лауазымды тұлғалар жүйелі түрде "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы аясында жалдамалы тұрғын үй кешенін сату қызметтерін көрсететін құрылыс компанияларынан ірі көлемде пара алғаны анықталды.