05 жел, 2020 сағат 03:43

Байден америкалықтарға 908 млрд доллар жәрдем беретін заңды жедел қабылдауға шақырды

АҚШ президенттігіне жақында сайланған Джо Байден конгресті коронавирус бойынша халыққа көмек көрсету туралы заңды жеделдетіп қабылдауға шақырды. Оның айтуынша, елдегі жұмыссыздық деңгейі туралы жаңа мәлімет экономиканы қалпына келтіру процесінің кібіртіктегенін аңғартады.

"Қазір әрекет етпесек, болашағымыз тым бұлыңғыр болмақ. Америкалықтарға көмек керек және олар дәл қазір көмекке зәру. Әрі олар келер жылы бізден тағы жәрдем күтеді" деді Байден 4 желтоқсанда.

Осы күні шыққан үкімет есебіне сәйкес, қарашада АҚШ-тағы еңбек нарығы тарыла түскен. Байден журналистерге коронавирус індетіне байланысты 908 млрд доллар қаржы жұмсауды көздейтін заңды қолдайтынын айтты. Бұл заң жобасы қазір конгресте талқыланып жатыр.

Ол қызметіне кіріскен соң көмекті ұлғайту бойынша конгреске қысымды күшейте түсетінін жеткізді. Оның айтуынша, қазір қаралып жатқан заң – америкалықтарға берілетін жәрдемнің басы ғана.

Байден "халық бұл жәрдемге аса қатты мұқтаж болып отырғандықтан", конгрестегі республикалықтар мен демократтарды оны қолдауға шақырды.

Заң жобасы мекемелерге, жұмыссыздарға, мектептер мен денсаулық сақтау ұйымдарына жәрдемақы бөлуді қарастырады. АҚШ-та осындай жәрдемақы туралы алғашқы заң наурызда қабылданған.

Делавэр штатының Уилмингтон қаласындағы үйінде журналистерге сұхбат берген Байден қазір штаттарда өндіріске рұқсат алып жатқан коронавирус вакцинасына қатысты пікірін де білдірді. Ол вакцина салуды міндеттеуді құптамайтынын, халықтың оған сенімі біртіндеп артады деп үміттенетінін айтты.

Сайлау науқаны кезінде ол індетті тоқтату – президент ретіндегі басты жұмысы болатынын айтқан.

Байден өз инаугурациясы қалай өтетіні туралы да ойымен бөлісті. Оның айтуынша, шара кезінде адамдардың қауіпсіздігі басты назарда болады.

"Менің ең басты міндетім – америкалықтардың қауіпсіздігін сақтай отырып, мерекелеуге мүмкіндік беру" деді Джо Байден. Ол АҚШ астанасында дәстүрлі парад өтпейтінін және өте көп адам жиналған шара болмайтынын, кей шараның виртуалды түрде ұйымдастырылатынын ескертті.

Қарашаның басындағы сайлауда жеңіске жеткен Демократиялық партия өкілі Джо Байден келер жылы 20 қаңтарда президент қызметіне кірісуі тиіс. Әзірге ол әкімшілігіндегі басты орындарға кімдерді тағайындайтынын толық анықтаған жоқ. Билік транзиті бойынша өкіл Дженнифер Псакидің айтуынша, Байден алдағы аптада әкімшілігіндегі жаңа лауазымдарға тағайындалатын адамдардың аты-жөнін атайды.

Додада жеңіліс тапқан қазіргі президент Дональд Трамп сайлау нәтижесін әлі мойындаған жоқ.