25 сәу, 2023 сағат 18:28

Байден 2024 жылы президент сайлауына түсетінін ресми мәлімдеді

© AP Photo / Andrew Harnik

АҚШ президенті Джо Байден 2024 жылы президент сайлауына түсетінін мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еuronews-тің жазуынша, бұған дейін Ақ үйдің 80 жастағы басшысы өз лауазымы үшін бәсекеге түсуді жоспарлап отырғанын бірнеше рет айтқан. Қазіргі уақытта демократтар лагерінде оның бірде-бір салмақты қарсыласы жоқ. Осыған қарамастан, БАҚ-тың хабарлауынша, мүдделестер қатарында Байденнің кандидатурасы аса шабытсыз қабылданған.

Би-Би-Си-дің мәліметінше, Байден президент сайлауына түсетіні жөнінде үш минуттық видео жариялады. Видео «еркіндік» сөзімен басталады.

Роликте Байден абортқа рұқсат беру, демократия мен сайлау құқығын қорғау, америкалықтарға әлеуметтік кепілдік беруді өз кампаниясының басым бағыты ретінде санайтынын атап өтті.

АҚШ басшысының мәлімдеуінше, дауыс берушілерде келешек ұрпаққа «көбірек не азырақ еркіндік», «көбірек не азырақ құқық» қалдыруға таңдау болады.

«Америкалықтардың әр ұрпағы демократияны қорғауға, жеке бас еркіндігі үшін күресуге, сөз бостандығы мен азаматтық құқық үшін күресуге тура келген сәтті бастан өткерді. Осындай сәт біз үшін де туындап отыр», - деді Байден.