Праймериздің бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша «Nur Otan»-ның барлық деңгейдегі мәслихаттар үшін партиялық тізімдері 60 пайыздан астам жаңарады. «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек осылай мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Осы аптада барлық өңірдің, қалалар мен аудандардың әкімдері – партиямыз филиалдарының төрағалары партияішілік іріктеу қорытындысын талқылап, құрмет грамоталарын табыстау үшін праймериз қатысушыларымен кездесті.
Өз жанына 150-ден астам белгілі саясаттанушы, қоғам қайраткер мен журналисті топтастырған «Nur Otan» жақтастарының лигасымен кездесуде партияішілік сайлауды ұйымдастыру барысын бақылауға айрықша атсалысып, айқындығы мен әділ өтуін қамтамасыз еткені үшін қоғам белсенділеріне алғыс айттым», деп жазды Бауыржан Байбек Facebook-тегі парақшасында.
Бас қосуда праймериздің бірінші кезеңінің қорытындысы егжей-тегжейлі талқыланған.
«Жақтастар лигасының айтуынша, «Nur Otan» праймеризі – елдің қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі оқиға. Бір жарым миллионнан астам адамды қамтыған кандидаттар бір ай бойы пікірсайыстың көрігін қыздырып, идеялары мен жобаларын таныстырды, ел мен қоғам үшін маңызы зор ойларын ашық айтып, кәсіби, саяси қабілетін шыңдады.
Жүргізілген талдауларымызға сәйкес, тіркелген 10 073 кандидаттың ішінде праймеризге барлық деңгейдегі мәслихаттардың 1410 қызметтегі депутаты қатысты. Олардың 213-і партияішілік іріктеудің бірінші кезеңінен өте алмады. Яғни праймеризден мәслихаттардың қызметтегі депутаттарының үштен бірі ғана өтті», -деді Бауыржан Байбек.
Ең жоғары нәтижеге қол жеткізген 500-ден аса қатысушы – волонтерлар, көп балалы аналар, қарапайым педагогтар, дәрігерлер, кәсіпорын қызметкерлері және басқалар.
«Бұл ретте, праймериз партия қатарына 42 мыңнан астам жаңа мүшелерді тартуға мүмкіндік берді. Олардың 1000-нан астамы партияішілік сайлауға қатысып, әрбір 4-сі дауыс беру қорытындысы бойынша ең жоғары рейтингіге ие болды.
Осылайша, праймериздің бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша «Nur Otan»-ның барлық деңгейдегі мәслихаттарға арналған партиялық тізімдері 60%-тен астам жаңарады деп айтуға негіз бар.
Жалпы, праймериздің елімізде жаңа саяси мәдениеттің қалыптасуына, жетекші партия қатарын жаңартуға және оған жаңа көшбасшылар легінің қосылуына жүйелік негіз қалағаны айтылды.
Осы орайда Жақтастар лигасының қолдауымен түрлі тәртіп бұзушылықтар мен айла-амалдардың дер кезінде жолын кесіп, ашықтық пен айқындықты қамтамасыз еткенімізді атап өттім.
Сондай-ақ, Жақтастар лигасының 30-дан астам мүшесі праймеризге қатысу үшін партия қатарына кірді. Дауыс беру қорытындысы бойынша 6 адам өз қаласы мен ауданында алғашқы 10-дыққа кіріп, келесі кезеңге өтті», - деді Бауыржан Байбек.
Оның айтуынша кездесу барысында қызықты да креативті ұсыныстар айтылған.
«Оның ішінде партия жұмысын одан әрі жетілдіру, Жақтастар лигасын институционалдандыру мүмкіндігі секілді тың ұсыныстар бар.
Сонымен бірге халықтың өзекті мәселелерін шешуге байланысты жұмылып істейтін жұмыстарды жалғастыру жөнінде де келісімге келдік.
Жақтастар лигасында атап өткендей, праймеризде «ұтылғандар жоқ, бәрі де игілікке жетті. Ең алдымен бұл іс-шара еліміз үшін игілікті болды!», - деді ол.